30 маусымнан бастап Ресейге визасыз негізде кіретін шетел азаматтары үшін жаңа ережелер күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстан азаматтары да шекарадан бұрынғыдай емін-еркін өте алмайды. Бұл туралы Ресей үкіметінің 2024 жылғы қаулысына сәйкес хабарланды.
Не өзгереді?
1. Электронды өтінім мен QR-код – міндетті
Енді Қазақстан азаматтары Ресейге сапарға шықпас бұрын, кемінде 72 сағат бұрын арнайы электронды өтінім толтырып, QR-код алуға міндетті. Бұл өтінім жаңа RuID қосымшасы арқылы беріледі.
2. Биометриялық тексеру
Ресейге кіретін азаматтар бет-жүзді тану, саусақ іздерін сканерлеу сынды биометриялық процедурадан өтуі тиіс. Бұл талап алдағы уақытта елдің бүкіл шекара бекеттеріне енгізілуі мүмкін. Әзірге пилоттық жоба Мәскеу әуежайларында және Қазақстанмен шекарадағы Маштаково автомобиль өткізу пунктінде ғана қолданылады.
Кімдерге қатысы жоқ?
Дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелеріне,
Алты жасқа дейінгі балаларға,
Ресейде тұрақты тұратын немесе тіркелген шетел азаматтарына бұл талаптар уақытша қолданылмайды.
Мақсат – қауіпсіздік пе, әлде бақылау ма?
Ресей билігі жаңа жүйені елдің шекаралық қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізіп отырғанын айтады. Алайда кейбір сарапшылар бұл өзгерістерді азаматтардың қозғалысын бақылауды күшейту әрекеті ретінде бағалап отыр.
QR-код және биометрия – деректердің цифрлық базаға жиналуын білдіреді. Бұл жүйе ЕАЭО аясындағы еркін жүріп-тұру принциптеріне қайшы келмей ме деген сұрақ туындайды.
Қазақстан азаматтары үшін қандай қауіптер бар?
RuID қосымшасы арқылы берілетін өтінім уақытылы берілмесе, шекарадан өте алмау қаупі бар.
Биометриялық деректердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көбеюі мүмкін.
Қазақстан азаматтарының жұмыс істеу немесе туыстарына бару мүмкіндіктері әкімшілік кедергілерге тап болуы ықтимал.