2025 жылғы 24 маусымда Жапония өз аумағында алғаш рет зымыран сынақтарын өткізіп, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам жасады. Бұл оқиға елдің Хоккайдо аралындағы Сидзунай полигонында өтті. Сынақ кезінде қысқа қашықтыққа арналған Type 88 «жер-теңіз» зымыраны ұшырылды. Маневрге Жапонияның Қорғаныс күштері құрамындағы 1-артиллериялық бригаданың 300 сарбазы қатысты.
Жапон үкіметінің мәліметінше, бұл оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты — әскери қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру. Елдің министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсимаса Хаясидің айтуынша, жаттығулар қандай да бір нақты елге бағытталмаған. Алайда сарапшылар бұл шараның Қытай мен Ресейдің аймақтағы белсенділігінен туындаған қауіпке жауап екенін атап өтуде.
Бұған дейін Жапония мұндай сынақтарды негізінен АҚШ пен Аустралия аумақтарында жүргізіп келген. Өз аумағында сынақ өткізу — Токионың қорғаныс саясатын белсенді түрде қайта құруға, әрі соққы беруге дайын тұруға бет алғанының айқын белгісі.
Еске сала кетсек, 2022 жылы Жапония өзінің жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялап, Қытайды басты стратегиялық қауіп ретінде атаған болатын. Конституциялық пацифизм бағытын ұстанғанына қарамастан, Жапония соңғы жылдары қорғанысқа бөлінетін шығындарын арттырып, әскери әлеуетін күшейтіп келеді.
Бұл жағдай Орта және Шығыс Азиядағы геосаяси тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін және Қытай-Жапония, сондай-ақ Ресей-Жапония қатынастарына жаңа шиеленіс нүктесін әкелуі ықтимал.