Металл жұтқан өсімдік: Қазақ ғалымдарының әлемдік жаңалығы

2 шілде, 2025 / taulik
Фото: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сәтбаев Университетінің бір топ жас ғалымдары ашық тау-кен жұмыстары салдарынан бұзылған жерлерді қалпына келтірудің жаңа әрі экологиялық әдісін ұсынып отыр. Олар гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды пайдалану арқылы ауыр металдармен ластанған шөл және шөлейт аймақтарды рекультивациялаудың тиімді биологиялық жолын әзірлеуде.

Жобаның ғылыми негізі — кейбір өсімдіктердің топырақтан ауыр металдарды сіңіру қабілетіне және топырақтағы пайдалы микроағзалармен симбиозда өмір сүретін микоризиялардың әсеріне негізделген. Осы тәсіл жер бедерін табиғи жолмен қалпына келтіріп, экожүйенің тұрақты дамуына ықпал етеді.

«Гипераккумуляторлар мен микоризияларды қолдану — климаттық жағдайымызға бейімделген, қауіпсіз әрі тиімді әдіс. Бұл тау-кен өндірісінің экологиялық зардаптарын азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді қайта игеруге де мүмкіндік береді», — дейді жобаның жетекшісі, PhD докторы, Сәтбаев Университеті Тау-кен металлургия институтының профессоры Жақыпбек Ырысжан.

Бүгінгі таңда жоба нақты тәжірибелік кезеңде апробациядан өтуде. Таңдалған сынақ алаңдарында алғашқы оң нәтижелер тіркеліп, өсімдіктердің ауыр металдарды белсенді сіңіретіні және топырақтың экологиялық жағдайы жақсара бастағаны байқалды. Бұл көрсеткіштер кен орындарының әкімшілігі тарапынан да жоғары бағаланып отыр.

Аталған бастама елдегі тау-кен өнеркәсібі орындарындағы табиғатты қалпына келтіру ісіне тың серпін беріп, жас ғалымдардың өндіріс пен ғылымның түйіскен жерінде нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, Сәтбаев Университеті — Қазақстандағы тау-кен, металлургия және инженерия салалары бойынша жетекші жоғары оқу орны. Мұнда экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобалар тұрақты түрде іске асырылып келеді.

Тэгтер:

ғылым металл жаңалық қазақ ғалымдары Сәтбаев университеті өсімдік