Ақмола облысында су тарту және сумен қамту жүйелерін жаңғыртуға қайтарылған активтерден 21,5 млрд теңге бағытталады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда өңірде су саласына қатысты 28 жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде Зеренді ауданында су құбырларын жаңарту мен жаңасын тартуға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған. Жұмыстар Акадыр, Жылымды, Қанай би, Көктөбе, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жүргізілуде.
Өңірдегі ең ірі елді мекендердің бірі – Өркен ауылында 6 шақырымдық су құбыры тартылуда. Мұндағы жоба құны – 583 млн теңге. Ауылда 1000-нан астам адам тұрады.
Сондай-ақ, облыстың 9 ауданында 2,3 млрд теңгеден астам қаражатқа жаңа су көздері салынып, қолданыстағы жүйелерге реконструкция жасалуда. Бұл нысандар 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.
Сандықтау ауданында ұзындығы 22,3 шақырымды құрайтын топтық су құбыры салынуда. Аталған жобаға Мемлекеттік арнайы қордан 200 млн теңге бөлінген.
Оған қоса, Нұрын топтық су құбырын реконструкциялау және Покровское ауылынан Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына су тарту жұмыстары жүріп жатыр. Екі жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында қалалық елді мекендердің 99%-ы, ал ауылдық жерлердің 96,6%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.