Астана қаласындағы №2 облыстық ауруханада жүкті әйел жүктіліктің ерте кезеңінде сәбиінен айырылды. Бұл оқиға қоғамда кең резонанс туғызды. Себеп — Instagram желісінде жарияланған куәгердің эмоционалды жазбасы. Бұл туралы Taulik.kz редакциясы BES.Media телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айсұлу Алпыспаева есімді әйелдің айтуынша, ол зардап шеккен келіншекпен бір палатада жатқан. Оның айтуынша, медбикелер мен дәрігерлер қан кетіп жатқанын айтып, көмек сұраған пациентке бір жарым сағаттан астам уақыт бойы назар аудармаған. Көмек тек 1 сағат 45 минут өткен соң көрсетілген. Ол дәрігердің кешігіп келгенін, ал медбикенің әйел түсік тастағанын естісе де селқос күйде болғанын айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғаны растады. Министрлік мәліметінше, 27 шілдеде әйелде өздігінен түсік болған. Ведомство бұл жағдай бойынша қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады.
Министрлік сондай-ақ әйелге медициналық көмек көрсетілгенін және ем жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сәбидің өлімі жүктіліктің 6 апта 5 күнінде орын алғандықтан, бұл жағдай перинаталдық өлімге жатпайды.
Тексеру жалғасып жатқанда, әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғам белсенділері бұл іске әділ баға беруді, мұндай жағдайлардың қайталанбауын талап етуде.