Қытай ғарышты да бағындырмақ: Ай топырағын зерттеуге рұқсат берілді

5 тамыз, 2025 / taulik
(Суретте: Ай, Цзянсу провинциясы, Яньчэн қаласы, 3 тамыз 2025 ж.)

Қытайдың ұлттық ғарыш агенттігі Ай топырағының үлгілерін зерттеуге арналған тоғызыншы партияны бекітті. Осы арқылы ғылыми ұйымдар мен университеттерге "Чанъэ-5" және "Чанъэ-6" миссиялары арқылы жеткізілген үлгілерді пайдалануға мүмкіндік берілді.

Қытайдың Айды зерттеу және ғарыш инженериясы орталығының хабарлауынша, жалпы салмағы 30 881,8 миллиграмм болатын Ай топырағы 25 ғылыми мекемеден 32 зерттеу тобына берілмек. Бұл тізімге Макао ғылым және технология университеті (Оңтүстік Қытай), Чэнду технологиялық университеті (Оңтүстік-Батыс Қытай), Дунхуа университеті (Шығыс Қытай), Харбин технологиялық институты (Солтүстік-Шығыс Қытай), Гонконг университеті мен Гонконг политехникалық университеті секілді жетекші білім ордалары енді. Сонымен қатар Қытай ғылым академиясы мен Қытай геологиялық ғылымдар академиясына қарасты мекемелер де бар.

Айта кетейік, «Чанъэ-6» миссиясы адамзат тарихында тұңғыш рет Айдың арғы бетіне қонып, одан 1935,3 грамм үлгі жинаған болатын. Ал одан бұрынғы «Чанъэ-5» миссиясы 1731 грамм топырақ жеткізген. Қытай алғаш рет 2021 жылдың шілдесінде осы үлгілердің бір бөлігін ғылыми мекемелерге зерттеуге берді. Осы уақытқа дейін сегіз партия үлгі таратылған.

Өткен айда Қытай зерттеушілері «Чанъэ-6» миссиясынан алынған үлгілер бойынша алғашқы ғылыми нәтижелерді жариялады. Бұл нәтижелерге жанартаулық белсенділік, Айдың ежелгі магнит өрісі, ылғал мөлшері және мантияның геохимиялық құрамы секілді бағыттар енді.

Қытайдың Ай зерттеу миссиясы ғылыми қауымдастыққа жаңа көкжиектер ашып отыр. Қазірдің өзінде бұл мәліметтер Айдың геологиялық тарихын, эволюциясын және болашақ ғарыш миссияларының бағытын нақтылауға көмектесіп жатыр.

Тэгтер:

Қытай зерттеу ғарыш ай айдың беті