Руслан Берденов сотта айтылып жатқан жауаптарға қатысты жазба жариялады

6 тамыз, 2025 / taulik
Фото: коллаж Taulik.kz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, бұрынғы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов өзіне жасалған қастандық ісі бойынша өтіп жатқан сот процесіне қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол Facebook парақшасында арнайы жазба жариялап, қазіргі уақытта бес оқ жарақатынан кейін оңалту кезеңінде екенін және денсаулығына байланысты сот отырыстарына қатыса алмайтынын айтты.

"Қазіргі уақытта денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына жеке қатысуыма мүмкіндік жоқ. Алайда, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын," – деді Берденов.

Ол соттағы жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалмайтынын, оларды "шантаж және қысым көрсету әрекеті" деп атады.

"Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ," – деп жазды ол.

Р. Берденовтың айтуынша, қастандық жасады деп айыпталып отырған азамат пен оның өкілдері кейін оған «достасу» туралы ұсыныс жасаған. Оның сөзінше, тараптар татуласуға көнбеген жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз деп қорқытқан.

"Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын," – деп мәлімдеді ол.

Руслан Берденов сот процесінде өз ұстанымының өзгермегенін атап өтті. Оның айтуынша, қақтығыс кәсіби сипатта болған.

"Қақтығыстың түп-төркіні — кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім," – деді әкім орынбасары.

Сондай-ақ ол жауапкер тарапынан қасақана қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді тақырыптарға аудару әрекеттері орын алып жатқанын, бұл — "шындықтан алыстату және өрескел манипуляция" екенін мәлімдеді.

"Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын," – дейді Р. Берденов.

Берденов бұл іске қала әкімін де араластыруға тырысып жатқанын жоққа шығармайды.

"Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді," – деп бағалады ол.

Берденов өзінің мемлекетке қызмет етуден еш бас тартпағанын, әкімдікке ашық әрі адал жұмыс істеу үшін келгенін атап өтті.

"Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Менің артымда елімізге, өзгерістерге сенетін жастар тұр. Бұл – үлкен жауапкершілік, мен оны сезінемін," – деді ол.

Ол сонымен қатар денесінде "аңшы мылтығының 60-тан астам қорғасын оғы бар екенін" айтып, бұл факті медициналық құжаттармен расталғанын жеткізді.

Соңында әкім орынбасары өзінің үнсіздігін бұрмалап, саяси манипуляция жасауға тырысқандарға ескерту жасап, "үнсіздік келісім емес" екенін еске салды.

"Маған қарсы айтылған жала, жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін," – деп қорытындылады Руслан Берденов.

Тэгтер:

сот депутат оқ Руслан Берденов жазба әкім орынбасары шымкент қаласы Жиенбай