АҚШ Арменияға АЭС салып беруі мүмкін

Бүгін, 01:52 / taulik
Фото: коллаж Taulik.kz

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында, Америка Құрама Штаттарының Армениямен модульдік атом электр станциялары технологиясымен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

Пашинянның айтуынша, кездесу қорытындысында үш меморандумға қол қойылған. Олар — аймақтағы көлік коммуникацияларын ашуды көздейтін "Бейбітшілік тораптары" жобасы, технология және жасанды интеллект саласын дамыту, сондай-ақ энергетика секторын өркендету жөніндегі келісімдер.

Энергетика бойынша меморандумда атом энергетикасы саласындағы жаңа технологиялар мен электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу көзделген. «Біз модульдік атом станциялары технологиясына қызығушылық танытып отырмыз. Бұл құжатта АҚШ-тың бізбен осы технологиялармен бөлісуге және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екені бекітілген», — деді Пашинян. Ол жалпы армяно-американдық қатынастар қазір ең жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Арменияда екі энергоблоктан тұратын, сейсмотөзімді ВВЭР-440 типіндегі реакторлары бар бір АЭС жұмыс істейді. Ол 1976 және 1980 жылдары іске қосылған. 1989 жылы Спитактағы жойқын жер сілкінісінен кейін станция тоқтатылғанымен, 1995 жылы екінші энергоблок қайта қосылды. 2021 жылы «Росатом» көмегімен оның жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қолданыстағы энергоблоктың жұмыс мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылған. Үкімет 2036 жылға дейін Армения АЭС-інің қызметін жалғастыру процесін бастауды шешті.

Тэгтер:

АЭС АҚШ құрылыс Армения