Путинді алаңдатқан Tomahawk зымыраны Мәскеуге дейін жетеді

Бүгін, 14:46 / taulik
Фото: ашық дереккөз

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk зымырандарын жеткізу мүмкіндігіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол мұндай қадам екі ел арасындағы қарым-қатынаста байқалған оң тенденцияны бұзатынын ескертті.

«Қазір біз АҚШ президенті туралы айтып отырмыз. Қару-жарақтың жаңа түрлерін, соның ішінде жоғары дәлдікпен ататын алыс қашықтықтағы Tomahawk жүйелерін жеткізу мәселесі талқыланды. Мен бұның барлығы біздің қатынастардың бұзылуына алып келеді деп айттым. Әйтеуір, қалыптаса бастаған оң бағытқа соққы болады», — деді Путин Павел Зарубинге берген сұхбатында («Москва. Кремль. Путин» бағдарламасы, «Россия-1» арнасы).

Президент сонымен бірге, бұл үдеріс тек Ресейдің шешіміне байланысты емес екенін де атап өтті:

«Мен өз ойымды ашық айтамын. Бірақ жағдай қалай өрбитіні тек бізге ғана емес, басқа тараптарға да байланысты».

Бұған дейін Axios басылымы жазғандай, БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы жабық кездесуде Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамптан «жаңа қару жүйесін», атап айтқанда, Tomahawk зымырандарын беруді өтінген.

Зеленскийдің айтуынша, Трамп оған: «Бұл бағытта жұмыс істейміз» деп жауап берген.

Батыс БАҚ-тарының хабарлауынша, АҚШ-тағы кейбір шенеуніктер Украинаға дәл осы Tomahawk жүйесін беру мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл зымырандардың ұшу қашықтығы 2500 шақырымға дейін жетеді, яғни Ресейдің терең аймақтарына, соның ішінде Мәскеуге дейін соққы жасауға қауқарлы.

Тэгтер:

Ресей Украина Путин АҚШ Трамп Мәскеу Зеленский зымыран Tomahawk