АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social парақшасында өзін 2026 жылдың қаңтарынан бастап Венесуэланың президенті міндетін атқарушы ретінде көрсететін скриншот жариялап, тағы бір даулы мәлімдеменің отын тұтатты, деп хабарлайды taulik.kz kznews.kz басылымына сілтеме жасап.
Жарияланған жазбада Трамптың профилі Wikipedia-дағы өмірбаянға ұқсас форматта беріліп, онда «Венесуэланың президенті міндетін атқарушысы» деген жол пайда болған. Ең қызығы — «жаңа мәртебемен» бірге ол АҚШ президенті қызметін де «сақтап қалғандай» көрсетілген. Бұл жазба желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызып, біреулер оны әдеттегі троллинг деп қабылдаса, енді бірі геосаяси астар іздеді.
Осы әңгіме Венесуэладағы соңғы оқиғалар фонында тіпті салмақтана түсті. Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ Венесуэлаға қарсы арнайы операция жүргізіп, Каракаста президент Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстап әкеткені хабарланған. Кейін Мадуроның Нью-Йорктегі Бруклин тергеу изоляторына жеткізілгені белгілі болды.
Мадуроның ұсталуына қатысты пікір білдірген Трамп бұл әрекетті «Монро доктринасының» логикасымен түсіндірген. Яғни, АҚШ Американы өзге державалардың ықпалына жабық аймақ ретінде қарастыратынын қайта еске салған. Бұған қоса, Трамп «АҚШ-тың барлық жауларына» Венесуэладағыдай операция жасалуы мүмкін екенін айтып, қоқан-лоққы сипатындағы мәлімдеме жасаған.
Осы күні Нью-Йоркте Мадуроға қатысты істің алғашқы сот отырысы аяқталғаны да айтылды. Оған «есірткі-терроризммен байланысты сөз байласу, кокаин контрабандасы, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдануға қатысты қастандық» сияқты ауыр айыптар тағылып, төрт рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұрғаны хабарланды. Сотта Мадуро «мен әлі де Венесуэланың президентімін» деп, айыптардың ешқайсысын мойындамаған.
Тыңдауда Мадуро мен оның жұбайы судьямен аудармашы арқылы сөйлескен. Екеуінде де синхронды аудармаға арналған құлаққап болғаны айтылды. Судья келесі отырысқа 17 наурызға келуді міндеттеп, консулдық қызметкерлердің келуіне рұқсат берген. Ал қорғаушылар Мадуроны кепілмен босатуға қол жеткізуге тырысатынын мәлімдеп отыр.
Осы жағдайдан кейін Венесуэлада билік құрылымына қатысты жаңа мәлімдемелер шыға бастады. Ақпаратқа сәйкес, Делси Родригес Венесуэланың президенті міндетін атқарушы болып тағайындалған. Бастапқыда ол АҚШ әрекеттерін қатаң айыптап, Мадуроны босатуды талап еткені айтылды. Алайда көп ұзамай Трампқа үндеу жасап, венесуэлалықтардың «соғысты емес, бейбітшілікті лайық көретінін» жеткізген.
Родригес сонымен бірге АҚШ үкіметін «ынтымақтастық бағдарламасы аясында бірлесіп жұмыс істеуге» шақырған. Бұл үндеу Трамп Венесуэла АҚШ-пен әріптестікке келмесе, жаңа соққы жасау туралы бұйрық беруі мүмкін екенін ескерткеннен кейін жарияланғаны айтылады. АҚШ президенті Родригеске де қоқан-лоққы жасап, «егер ол дұрыс әрекет етпесе, өте жоғары баға төлейді, бәлкім, Мадуродан да жоғары» деген сөз айтқаны хабарланды.