Таиландта ауыр апат болды: жоғары жылдамдықты жолаушылар пойызына құрылыс краны құлап, соның салдарынан пойыз рельстен шығып кеткен. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.
Жергілікті полиция өкілінің AFP агенттігіне айтуынша, апат салдарынан кемінде 22 адам қаза тауып, тағы 30-дан астам адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Reuters агенттігінің мәліметінше, апатқа себеп болған кран жоғары жылдамдықты теміржол желісін салу кезінде пайдаланылған. Құрылым пойыздың үстіне құлап, өрт шыққан. Кейінірек өрт сөндіру қызметтері тілсіз жауды толықтай ауыздықтаған.
Оқиға Накхонратчасима провинциясындағы Сихио округінде тіркелген. Апатқа ұшыраған пойыз Убонратчатхани провинциясына бағыт алып бара жатқан.
Құтқару қызметтері оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр. Билік апаттың нақты себептерін анықтау үшін тергеу басталғанын мәлімдеді.