«Гренландия сатылмайды»: Трампқа қарсы наразылық басталды

Бүгін, 09:10 / taulik
Martin Sylvest Andersen/Getty Images

Гренландия мен Данияда мыңдаған адам АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны басып алу жөніндегі жоспарларына қарсы көшеге шықты. Наразылық акциялары гренландиялық және дат үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен ұйымдастырылып, Данияның бірқатар қаласында, соның ішінде Копенгагенде, сондай-ақ Гренландия астанасы Нуукта өтті.

«Біз Дания корольдігіне құрмет көрсетілуін және Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығының сақталуын талап етеміз», – деді Inuit ұйымының жетекшісі, гренландиялық қауымдастықтарды біріктіретін Камилла Сизинг.

Бұған дейін Дональд Трамп Гренландияны АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін шешуші маңызы бар аумақ деп атап, оны күшпен иемдену мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Ал сенбі күні ол өз жоспарына қарсы шыққан еуропалық елдерге сауда баждарын енгізетінін мәлімдеді.

АҚШ президентінің айтуынша, 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Финляндиядан келетін тауарларға 10 пайыздық америкалық кедендік баж салығы салынады. Трамп егер «Гренландияны АҚШ-тың толық әрі абсолютті иелігіне алу» жөнінде келісімге қол жеткізілмесе, 1 маусымнан бастап бұл баж салығы 25 пайызға дейін өсіп, белгісіз мерзімге дейін сақталатынын ескертті.

Копенгагендегі шерулерде адамдар «Гренландияға қол сұқпаңдар», «Янки, үйіңе қайт!» және «Гренландия сатылмайды» деген жазуы бар плакаттар ұстады.

«Біз дат ұлтынанбыз, Данияда тұрамыз, бірақ гренландиялықтармен толықтай біргеміз. Бұл жағдай бізді қатты алаңдатып, ашуландырып отыр. АҚШ президентінің санасына мұндай ойдың келуі – өз алдына шок», – деді Копенгагендегі наразылыққа қатысқан дат режиссері Шарлотта Сакс Боструп.

Гренландиялық саясаткер Эрик Йенсен Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Біздің бірлігімізді сақтау өте маңызды. Біз Гренландияның сатылмайтынын, АҚШ құрамына кіргіміз келмейтінін және аннексияға үзілді-кесілді қарсы екенімізді көрсетуіміз керек», – деді.

Нуук қаласында өткен митингке Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсеннің өзі қатысып, халықпен бірге АҚШ консулдығына қарай жүріп өтті. Шерушілер «Гренландия сатылмайды» және «Болашағымызды өзіміз шешеміз» деген ұрандар көтерді.

«Біз тек өз болмысымызды сақтап, осы жерде өз өмірімізді сүргіміз келеді», – деді Нууктегі акцияға келген Алан Амструп.

Қоғамдық пікір сауалнамаларына сәйкес, Гренландия тұрғындарының 85 пайызы аралдың АҚШ құрамына қосылуына қарсы.

Тэгтер:

Дания ереуіл халық Трамп көтеріліс Гренландия қарсылық