Джеффри Эпштейннің құпия файлдарының жариялануы әлемдік қауымдастықты тағы бір мәрте дүр сілкіндірді. Көптеген ықпалды ер адамдардың есімі аталған бұл тізімдердің тасасында Эпштейннің «ойыншығына» айналған жүздеген әйелдің талқандалған тағдыры жатыр. Солардың бірі – бүгінде Нью-Джерсиде отбасымен тұратын Рина О. Ол DW арнасына берген эксклюзивті сұхбатында миллиардердің тозақ аралына қалай тап болғанын және оның айлакерлікпен құрған тұзағының ішкі сырын ашып берді.
Рина Эпштейнмен 21 жасында Лиза есімді құрбысы арқылы танысқан. Сол кезде ол жас суретші ретінде өз жолын жаңа бастап жатқан еді. Алғашқы кездесуде-ақ Эпштейн өзін өнер жанашыры, жомарт меценат ретінде көрсеткен. Ринаның айтуынша, миллиардер оның суреттері мен мүсіндерін асқан қызығушылықпен зерттеп, тіпті оған арнайы көркемөнер мектебінде оқу үшін стипендия ұсынған.
«Ол менің портфолиомдағы әр жұмысты мұқият қарап шықты. Бір мүсініме ерекше тоқталды. Оның ниеті шынайы көрінген еді», – деп еске алады Рина. Алайда, бұл тек алдау еді. Эпштейннің мұндай «қамқорлығы» жас қызды өз бақылауында ұстаудың және оған психологиялық тұрғыдан әсер етудің басты құралына айналған.
Уақыт өте келе олардың кездесулері кәсіби форматтан шығып, Эпштейннің үйіндегі массаж бөлмелеріне ауысқан. Ринаның айтуынша, бәрі де заңды әрі қалыпты көрінген, себебі ол жерде арнайы сертификатталған массажшылар жұмыс істеген. Манипуляцияның күшті болғаны сонша, Рина өзі куә болған эротикалық сипаттағы әрекеттерді де «кәсіби процедураның» бір бөлігі деп қабылдаған.
Бірақ көп ұзамай Эпштейн өз мақсатын ашық көрсете бастаған. Ол Ринаны жатын бөлмесіне, ваннаға алып барып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Рина бұл сұмдықтың неше рет қайталанғанын, қанша маусымға созылғанын дәл айтып бере алмайды.
«Бұл өте лас және ұят нәрседей көрінді. Мен мұның жыныстық зорлық-зомбылық екенін кеш түсіндім», – дейді ол.
Зерттеулер көрсеткендей, Эпштейн сияқты қылмыскерлер көбіне бұрын психикалық немесе физикалық зақым алған адамдарды нысанаға алады. Рина да сондай құрбандардың бірі еді. Ол небәрі 5-6 жасында жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын мойындады. «Кішкентай кезімде ересек адам маған «ойын ойнаймыз» деп, конфет беріп алдайтын. Сол кездегі жара менің есейгенде манипуляцияларға қарсы тұру қабілетімді әлсіретті», — деп түсіндіреді ол. Оның осы осалдығын Эпштейн шебер пайдалана білген.
Бүгінде Рина О. – екі ұлдың анасы және сүйікті жар. Ол басынан өткен ауыр естеліктермен өнер арқылы күресуде. Оның туындылары енді тек эстетикалық нысан емес, ішкі жан дүниесін емдеудің және қоғамға үндеу тастаудың құралына айналған.
Сонымен қатар, Рина адам саудасымен (human trafficking) күресетін белсендіге айналды. Оның назары әсіресе Солтүстік Америкадағы байырғы халықтардың (индейцтердің) жоғалып кеткен әйелдері мен балаларына бағытталған. Статистикалық мәліметтер бойынша, жыл сайын әлемде 40 миллионға жуық адам, соның ішінде АҚШ пен Канадада жарты миллион байырғы халық өкілдері адам саудагерлерінің қолына түседі.