АҚШ-тың Ұлттық барлау басқармасы (NRO) қырғи-қабақ соғыс кезеңінде КСРО-ның әскери нысандарын бақылауға арналған Jumpseat тыңшы спутниктеріне қатысты құпия материалдардың бір бөлігін жариялады.
Америкалық барлау спутниктері 1971–1987 жылдар аралығында ұшырылған. Бұл кезеңде Батыс елдері мен коммунистік блок арасындағы геосаяси шиеленіс күшейіп, стратегиялық барлау жұмыстары ерекше маңызға ие болған.
NRO мәліметінше, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін коммунистік жүйенің күшеюі мен ядролық қарудың таралуы АҚШ-ты алаңдатқан. Ал КСРО-ның "Спутник-1" аппаратының ұшырылуы ғарышта әскери мақсаттағы нысандарды орналастырудың мүмкін екенін көрсетті.
Осы жағдайдан кейін жаңадан құрылған Ұлттық барлау басқармасына АҚШ қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпарат жинау міндеті жүктелді.
Jumpseat жобасы NRO мен АҚШ Әскери-әуе күштерінің бірлескен бастамасы болды. Оның басты мақсаты – қарсы тараптың әскери жүйелерін бақылау және ықтимал қауіптер туралы нақты деректер жинау.
Алғашқы Jumpseat спутнигі 1971 жылы Калифорниядағы Ванденберг әуе базасынан ұшырылған. Ол ұзақ уақыт орбитада жұмыс істеп, АҚШ-қа құнды барлау ақпаратын жеткізіп отырған.
Бұл спутниктер шетелдік радарлардан, радиобайланыс желілерінен, зымыран кешендері мен басқару жүйелерінен тарайтын сигналдарды тіркеп, құпия әскери байланыстарды анықтаумен айналысқан.
Жалпы АҚШ сегіз Jumpseat спутнигін ұшырған, олардың тек біреуі ғана сәтсіздікке ұшыраған. Қалғандары ондаған жыл қызмет етіп, 2006 жылы толық пайдаланудан шығарылған.
Қазақстан аумағындағы Байқоңыр, Семей немесе Сары-Шаған секілді нысандарға қатысты нақты деректер әзірге жарияланған жоқ. Алайда бұл спутниктердің негізгі міндеті КСРО әскери инфрақұрылымын бақылау болғанын ескерсек, аталған аймақтардың да назардан тыс қалмағаны ықтимал.