Жангелдиндегі жантүршігерлік қылмыс: судья қылмыстық іс туралы сұхбат берді

Бүгін, 17:54 / taulik
orda.kz

Қоғам назарындағы резонансты істерді қараған судья Зарема Хамидуллина сот төрелігінің бүгінгі жай-күйі, судьяның кәсіби жауапкершілігі, қоғам мен сот арасындағы сенім және әділдіктің бағасы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Taulik.kz Atr.kz-ке сілтеме жасап. 

– Өзіңіз білесіз, қазір Жангелдин ауылында бір отбасын қатыгездікпен өлтіру бойынша қылмыстық іс – қоғамның басты назарында. Сот отырыстарында көрсетілетін кейбір бейнематериалдарды қарапайым адамның соңына дейін қарауға дәті жетпейді. Ал судья сол дәлелдердің бәрін мұқият зерттеуге міндетті. Мұндай психологиялық жүктемені қалай еңсересіз?

– Судья қаралып жатқан іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін оның мән-жайына қатысты пікір білдіре алмайды. Сондықтан нақты аталған іс бойынша қандай да бір баға беру немесе ақпарат айту заң талаптары мен судья әдебіне қайшы келеді.

Жалпы ауыр қылмыстық істерді қарау судьядан жоғары психологиялық төзімділік пен кәсіби беріктікті талап етеді. Кейбір істердегі бейнежазбалар, сараптама қорытындылары немесе өзге де дәлелдемелер кез-келген адам үшін ауыр қабылдануы мүмкін. Мұндай материалдардың артында қайғы, адам тағдыры, орны толмас өкініш жатады.

Соған қарамастан судьяның басты міндеті – эмоцияға емес, заңға сүйене отырып, әрбір дәлелдемені толық, жан-жақты және объективті зерттеу. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында құқықтық өлшем бірінші орында тұруы тиіс.

Мұндай жағдайда судья кәсіби біліміне, тәжірибесіне және ішкі жауапкершілік сезіміне арқа сүйейді. Әр істің артында адам тағдыры тұрғанын түсіну жауапкершілік жүгін күшейткенімен, сонымен бірге әділ шешім қабылдауға деген міндетті де айқындайды. Сондықтан қандай күрделі іс болса да, заңдылық пен әділдік қағидаттарынан ауытқымау – судьяның басты ұстанымы әрі қоғам алдындағы миссиясы.

Сонымен қатар психологиялық тепе-теңдікті сақтау да маңызды. Бұл ретте отбасының қолдауы ерекше роль атқарады. Кітап оқу, табиғат аясында серуендеу, рухани және мәдени демалысқа уақыт бөлу сияқты қарапайым нәрселер де ойды сергітіп, ішкі тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Кейде дәл осындай қарапайым дүниелер адамның күш-қуатын қалпына келтіреді, деп жауап берді судья. 

–Судья үшін ең ауыр жүк – адамның қылмысқа қалай барғанын түсіну ме, әлде сол қылмыстың салдарынан қанша тағдырдың өзгергенін көру ме?

– Екеуі де ауыр. Бірақ қылмыстың салдарынан бүлінген тағдырларды көру ерекше әсер етеді. Себебі сот залында тек айыпталушының емес, жәбірленушінің, оның отбасының, жақындарының тағдыры да көрініс табады. Сондықтан әр істің артында үлкен адамдық трагедия тұрғанын түсінесің.

Судья тек заңға сүйенеді!

– «Ауыр істің салмағы білек­ке түседі, ауыр сөздің салмағы жүрекке түседі» дейді қазақ. Жалпы, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде судья қандай жауапкершілікті сезінеді?

– Бұл судья үшін ең ауыр әрі ең жоғары жауапкершілік жүктейтін шешімнің бірі. Себебі мұндай үкім адамның бүкіл өміріне тікелей әсер етеді.

Мұндай істерде жауапкершілік салмағы ерекше сезіледі. Дегенмен судьяның шешімі ешқашан эмоцияға, жеке көзқарасқа немесе субъективті пікірге негізделмеуі тиіс. Ол тек заңға және сотта зерттелген нақты дәлелдерге сүйенеді.

Сондықтан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын істерде әрбір дәлелдеме мұқият тексеріліп, істің барлық мән-жайы жан-жақты зерделенеді. Бұл аса жоғары құқықтық дәлдікті талап ететін процесс.

Мұндай жазаны жазалау немесе кек алу құралы ретінде емес, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аса ауыр қылмыстардың алдын-алу тетігі ретінде қарастырған жөн. Сол себепті судья мұндай шешім қабылдаған кезде ең алдымен заңның үстемдігін, әділдік қағидатын және қоғам мүддесін басшылыққа алады.

– Осындай ауыр қылмыстық істерді қарай отырып, адамға және өмірдің құндылығына деген көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Әрине, мұндай тәжірибе адамның өмірге деген көзқарасына әсер етпей қоймайды. Қылмыстық істерді қараған сайын адам өмірінің қаншалықты қымбат әрі қайталанбас құндылық екенін тереңірек түсіне түсесің.

Тэгтер:

қылмыс трагедия Зарема Хамидуллина Жангелдин ауылы