Қытай мен Беларусь – берік достар, ал екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінде тарихтағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Rbc.ru-ға сілтеме жасап.
«Қытай мен Беларусь – темірдей достастық үстіндегі елдер. Біздің қарым-қатынасымыз халықаралық жағдайдағы түрлі сынақтарға төтеп берді, ал достығымыз одан сайын нығая түсті», – деді Си Цзиньпин.
Қытай басшысының айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық көпқырлы сипатқа ие және заман ағымына сай дамып келеді. Ол Қытай мен Беларусь халықаралық мәселелер бойынша ұдайы тығыз байланыста екенін атап өтті.
«Біз жиі кездесіп, пікір алмасып отырамыз. Әртүрлі мәселелер бойынша дер кезінде әрі жан-жақты диалог жүргізіп келеміз», – деді Қытай лидері.
Лукашенко мен Си Цзиньпиннің кездесуі Бейжіңдегі «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында өтті. Беларусь президентінің Қытайға сапары оның Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған турнесі аясында ұйымдастырылған.