Еуропаға саяхат кезінде туристер жергілікті заңдар мен талаптарды білмегендіктен, күтпеген қиындықтарға тап болуы мүмкін. Зерттеу нәтижесінде саяхатшылардың қай елдерде жиі жазаланатыны және қандай әрекеттер үшін айыппұл салынатыны анықталды. Бұл туралы Taulik.kz сайты Express Daily басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Confused компаниясының зерттеуіне Ұлыбританиядан екі мыңнан астам турист қатысқан. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірі шетелде заңды байқамай бұзуы мүмкін екенін айтқан. Туристер арасында айыппұл салынған жағдайлардың ең көбі Францияда тіркелген. Оның үлесі 32 пайыз болса, Испания мен Италияда бұл көрсеткіш 27 пайызды құрады.
Зерттеуге сәйкес, айыппұлдардың негізгі себептері қоршаған ортаны ластау, қоғамдық орындарда экологиялық талаптарды бұзу, діни және мәдени орындарға талапқа сай емес киіммен бару, сондай-ақ түсіруге тыйым салынған жерлерде фото немесе видео жасау болған.
Айыппұл алған туристердің 30 пайыздан астамы 200 еуродан жоғары төлем жасаған. Ал алты пайызы қамауға алынғанын айтқан. Орташа айыппұл көлемі шамамен 160 еуроны құраған.
Confused.com туристік сақтандыру сарапшысы Том Воган саяхат алдында баратын елдің заңдары мен жергілікті әдет-ғұрыптарын алдын ала зерттеуге кеңес береді. Оның айтуынша, бір елде қалыпты саналатын әрекет басқа мемлекетте құқық бұзушылық болуы мүмкін.
Мамандар туристік сақтандыру жергілікті заңдарды бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды өтемейтінін ескертеді. Сондықтан шетелге шығар алдында маршрутпен қатар, сол елдің негізгі талаптары мен тыйымдарын да білген жөн.