Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Алан Баймұхан 16 жасында үш технологиялық жобаны қолға алған деп хабарлайды taulik.kz.
Аланның алғашқы жобасы Shogan Startup байқауында таныстырылды. Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Takhet+ жобасымен үшінші орын алып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақы жеңіп алған.
Байқаудан кейін Алан коммерциялық тапсырыстар қабылдай бастаған. Ол кәсіпорындарға сайт әзірлеп, клиникаларға CRM жүйелерін және жасанды интеллект агенттерін енгізумен айналысады. Жұмыс барысында өз командасын құрған. Оның құрамында мектеп оқушылары да бар.
Қазір жас әзірлеуші үш жобаны қатар дамытып жатыр.
Бірінші жоба – Takhet+. Бұл пациенттерді, дәрігерлерді және медициналық ұйымдарды бір жүйеге біріктіретін цифрлық платформа. Қазір жобаның 2–3 серіктес клиникасы бар. Сонымен қатар 150 дәрігермен ынтымақтастық туралы келісім жасалған.
Екінші жоба – Jauynger. Платформа әскери қызметке қабылдау үдерісін цифрландыруға арналған. Ол өтініш беруден бастап келісімшартқа қол қоюға дейінгі рәсімдерді онлайн орындауға мүмкіндік береді. Жоба AI & Digital Bridge Kazakhstan форумында «Жылдың үздік мемлекеттік жобалары» номинациясы бойынша үшінші орын алған. Қазір қосымша App Store дүкенінде жарияланған.
Үшінші жоба – Simplify. Бұл шетелдік компанияларға жұмысқа орналасу үдерісін автоматтандыратын жасанды интеллект агенті. Жүйе бос жұмыс орындарының талаптарын талдайды. Сондай-ақ үміткерге ілеспе хат дайындап, халықаралық платформалар арқылы өтініш жібереді. Жоба 290 команданың арасында 15-орынға ие болған. Сонымен қатар жалпы аудиториясы 140 мыңнан асатын екі білім беру орталығымен серіктестік орнатқан.
Алан бастаған команда «Қазақтелеком» компаниясында әзірленген цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект агенттерін қолдану мүмкіндіктерін де қарастырған. Бұдан бөлек Алматы қаласының цифрлық инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларға қатысып жүр. Атап айтқанда турникеттер, ақылды есік құлыптары және бейнебақылау камераларына қатысты технологиялық шешімдер әзірлеуде.
Аланның айтуынша, оның басты мақсаты – жобаларды тәжірибеде сынап, пайдаланушыларға қажетті өнім жасау. Алдағы уақытта ол әзірлемелерін жетілдіріп, жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.