Ақтауда бір түнде 200-ден астам бала жоғалып кеткен
Ірі мұнай компаниясының 60 жылдығына арналған концертте балалар жоғалып кеткен
Ақтаудағы ауқымды концерттен кейін полицейлерге жоғалған балалар туралы 200-ден астам хабарлама келіп түсті, деп хабарлады Taulik.kz lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Ірі мұнай компаниясының 60 жылдығына арналған концерт 30 тамызда кешкі уақытта болған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іс-шараға 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Балалардың жоғалғаны туралы өтініштердің жалпы саны 200-ден асады. Жас шамалары 3-15 жас аралығында. Абырой болғанда барлығы табылып, ата-анасына табысталды, - дейді Маңғыстау облысының полиция департаменті.
Концертті көргісі келетіндердің көптігі соншалық, олардың кейбіреуі аялдаманың төбесіне шығып алған. Қазақстандық жұлдыздардың өнерін тамашалауға 60 мыңнан астам көрермен жиналған. Тіпті ұзын-сонар көлік кептелісі болған.
Ақтауда мұндай кептелісті ешқашан көрген емеспін. Біз бір орында 40 минут қозғалмай тұрдық. Үйге бір жарым сағатта жеттік, - дейді Ақтау тұрғыны Саламат.