Қоғам

TikTok желісінде құмар ойындарын онлайн өткізу белең алып барады

Құмар ойындарына қатысушылардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар

Қаржылық мониторинг агенттігінің зерттеуі бойынша TikTok желісінде құмар ойындарын онлайн өткізу соңғы жылдары белең алып барады, деп хабарлайды Taulik.kz.


Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, алдын алу шараларының нәтижесінде соңғы 5 жылда тіркелген істер саны 5,5 есеге төмендеген. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 1 148 фактілер қаралған. 


Жыл сайын анықталатын заңсыз ойын терминалдарының саны 16 есе: 1260-тан 76-ға дейін азайды.


Сондай-ақ биыл TikTok желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Құмар ойындарына қатысушылардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.

Ал "TikTok" желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша оларға 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.

"Құрметті азаматтар, қырағы болып, осындай құмар ойындарға араласпауларыңызды сұраймыз. Бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның көретін контентіне және оның онлайн саудасына назар аударуын сұраймыз", – дейді мамандар.