Астанада жеке үйден шыққан өрттен үш адам мерт болды
Өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін
Астанада өрттен үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Taulik.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін түнгі сағат 01:25-те Астана қаласының өрт сөндіру қызметіне Титов көшесі, 25 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабар түсті.
Құтқаушыла оқиға орнына келгенде екі пәтерлі тұрғын үйде 70 шаршы метр аумақ жанып жатты.
Өрт сөндірушілер жанған үйден 1970 жылы туған ер адамды құтқарып, ол газдан орташа улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді.
Өрт сөндірушілер барлау және өртті сөндіру барысында 1983 және 1970 жылдары туған екі ер адамның және 1971 жылы туған әйелдің денесін тапты.
Өрт сағат 02:55-те толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 15 адам мен 3 техника жұмылдырылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін.
Осы мекенжайда осыдан бір апта бұрын, 24 тамызда Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп, күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ұсынымдар беріп, өрт қауіпсіздігі парақшаларын таратқан екен.