Жаңалықтар

«Тіпті министрлер ауысты, бірақ кәсіпкерлер әлі жүр» – Тоқаев

Президент бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуге дайын екенін айтты

Ақордада отандық бизнес өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті, деп хабарлайды Taulik.kz.

Өз сөзінде президент, елдегі бизнес-климатының тұрақтылығын мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмекпен байланыстырды.

Бизнес-қоғамдастық өзінің жеке сапасы бойынша тұрақты. Елде әкімдер, министрлер, премьер-министрлер ауысып жатыр, тіпті президент өзгерді, бірақ кәсіпкерлер, әсіресе, ірі бизнесте сол баяғы кәсіпкерлер әлі жүр. Бұл еліміздегі бизнес-климаттың тұрақтылығын, кәсіпкерлерге жүргізіліп жатқан саясат пен мемлекеттік қолдаудың жүйелілігін көрсетеді. Бірақ қазір біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа «әлеуметтік келісімшарт» жасау туралы айтып отырмыз», - деген Тоқаев кездесуде.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің өз міндеттеріне адал екендігін білдірді. Яғни, кәсіпкердің салық төлеп, экономикаға инвестиция салып, еңбек жағдайларын жауапкершілікпен орындайтынына қарай мемлекетте қолдау білдіруге дайын екенін айтты.

«Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Тағы да ерекше атап өткім келеді. Көмектесуі керек», - дейді президент.