Спортшы қыздың өлімі: қылмыстық іс сотқа жолданды
Валерия Шальнованың денесі Ақтаудағы су каналының маңынан табылған еді
Ақтаулық спортшы Валерия Шальнованың өліміне қатысты қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Аталған жағдай 2 шілде күні орын алған. 21 жастағы спортшы қыз Валерия Шальнованың денесі Ақтаудағы су каналының маңынан табылды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігі (тонау) және 121-бабы 1-бөлігі (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), 99-бабы 2-бөлігінің 10-тармағы (зорлау және кісі өлтіру) бойынша жолданған.
«ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 24-бабына сәйкес істі дұрыс шешу және мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жариялауға жатпайды», - деп жазылған хабарламада.