Жаңалықтар

Алматыда метромен жүретіндер саны артты

«Метрополитен» кәсіпорны желіде құрамдар санын көбейту мен қозғалыс аралығын азайтпақ

Алматы метрополитені тұрғындардың метрода жолаушылардың шамадан тыс көптігіне қатысты шағымына жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, Алматы метросындағы жолаушылар ағынына тұрақты түрде мониторинг пен талдау жүргізіледі.

«Бүгінде желіде 10 құрам жүреді, олардың әрқайсысы 900 адамға дейін сыйымдылығы бар 4 вагоннан тұрады. Талдауға сәйкес, жаңа оқу жылының басталысымен таңғы сағат 08:00-ден 09:00-ге дейін Момышұлы мен Райымбек станцияларында 1400 адамға дейін жолаушылар саны байқалады. Кешкі 19:00-ден 20:00-ге дейін Жібек жолы және Момышұлы станцияларында 1600 адамға дейін жетеді. Қалған сағаттарда жолаушылар саны – 400-600 адам. Құрамдар арасындағы қозғалыс аралығы 6 минут 12 секунд», - деп хабарлады «Метрополитен» КМК-да.

Сондай-ақ «Метрополитен» кәсіпорны қазір желіде құрамдар санын көбейту мен қозғалыс аралығын азайту мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.