Ринат Зайытов Үкіметтің ең үлкен кемшілігін айтты
Зайытов Үкіметтің өтірігінен шаршағанын айтты.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкіметтің өтірігінен шаршағанын айтты, деп хабарлайды taulik.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сұрақ қойып, мемлекеттік жобалардың игілігін халық көре алмай отырғанын жеткізді.
Тамара Қасымқызы, баяндамаңызда барлық жоспарланған жұмыстар Үкіметтің бақылауында екеніне сендіргім келеді дедіңіз. Менің де сенгім келеді. Бірақ сене алмаймын. Өйткені сіз сөзіңізде депутаттардың ұсынысы ескерілді дедіңіз. Менің сөзімді қаперіне алып жатқан министрлік өкілін әлі күнге дейін көрмедім, - деді Ринат Зайытов.
Сонымен қатар, ол сөзіне нақты дәлел келтіруге тырысты.
«Әнеугүні ең болмаса МӘМС-ті тоқтата тұрайық дедім. Оны ешкім ескермеді. Бір апта бұрын тағы да Ақтоғай елді мекенінде ауруханаға жете алмай, 1994 жылғы жігіт қайтыс болды. Содан кейін сіз баға 15 пайыздан аспайды дедіңіз. Бұған да сену қиын. Елді мекендерді 2027 жылға дейін газбен қамтамасыз етеміз дейсіз. Мен бұған мүлде сенбеймін. Мысалы, Алматы облысының Балқаш ауданы Бақанас елді мекенінде осыдан 3 жыл бұрын құбырын, бәрін тартып қойған. Құбырлар шіри бастады, газ әлі жоқ.
2 жылда жүздеген ауылды сумен қамтамасыз етеміз дедіңіздер. Бұларыңыз да өтірік. Өйткені Аягөз ауданындағы қарапайым 3 ауылды сумен қамтамасыз ете алмай отырғандарыңызға 10 жылдан асып кетті. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 369 мектеп салам дегендеріңізге мүлде сенбеймін. Айып етпеңіздер, Астана-Алматы тасжолы келесі жылы бітеді дейсіздер. Қалбатау-Майқапшағай жолының бітпей жатқанына қанша жыл болғанын білетін шығарсыздар...
Осыған байланысты сұрақ қойғым келеді. Құрметті Тамара Қасымқызы, жоспарлап отырған істеріңіз орындалмай қалса, мойнына жауапкершілікті кім алады? Нақты соның аты-жөнін айтыңызшы», - деді депутат.
Вице-премьер Ринат Зайытовты сабыр сақтап, орынды сөйлеуге шақырды.
«Жалпы Үкімет тарапынан ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Қазір әріптестерім жанымда отыр. Қандай жұмыстар істелгенін, оның қоғамда қалай қабылданғанын, жалпы бизнес бойынша жұмыстар қалай істеліп жатқанын көріп отырсыздар. Сондықтан барлық мәселе шешілмей жатыр, қаралмай жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс пен адам бар жерде кемшілік те бар. Кемшілік жоқ, барлық жерде керемет жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.