Білім

БҚО-да жалған дипломы бар мұғалімдер сабақ беріп келген

130 адам ашық конкурссыз жұмысқа қабылданған

Батыс Қазақстан облысының мектептерінде жалған дипломмен жұмыс істеп келген мұғалімдер анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдары барлық бос және уақытша ашылған лауазымдарға мамандарды конкурс өткізу арқылы қабылдайды. Бұл ереже тек шағын мектептерге міндеттелмейді.

Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабыровтың айтуынша, 49 білім беру ұйымы 130-дан астам адамды конкурстық іріктеусіз жұмысқа қабылдаған.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресушілер Тасқала, Казталов, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарында 11 мұғалімнің дипломынан «жалған белгілер» анықтаған. Кейін университеттер ол дипломдардың берілгенін растамады.

«Мұғалімдер біліктілік сертификаттарын жалған құжаттар негізінде алған. Ал кейіннен сол үшін жалпы сомасы 13,9 млн теңгені құрайтын қосымша төлемдер алған. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, кінәлілерге айыппұл салынды», - делінген хабарламада.