Астана әуежайы БАӘ компаниясының басқаруына берілді
Астана әуежайы ірі мультимодальді хабқа айналады.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды taulik.kz.
Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарықтарында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын.
Инвестор Астана халықаралық әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейін жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады.
Инвестордың бірінші кезектегі міндеті – ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға және оны одан әрі жаңғыртуға дайындау. Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр, – делінген primeminister.kz-тің хабарламасында.
Сонымен қатар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болатын әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленетін болады.
Көлік министрлігі Terminal Holding компаниясымен ынтымақтастықты нығайту мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әуежайларды мультимодальді орталықтар ретінде дамыту жөніндегі белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі үлес қосатынын хабарлады.