Адам дауысы – жабайы аңдар үшін ең қорқынышты дыбыс
Адам даусын естіген аңның барлығы дерлік, басқа дыбыс шыққанмен салыстырғанда, суат маңынан екі есе жиі қашады екен.
Адам дауысы - жабайы аңдар үшін ең қорқынышты дыбыс.
Аң патшасы — арыстан табиғаттағы ең қорқынышты жыртқыштың бірі болып саналады. Бірақ адам одан да қорқынышты. Адам үнін естігенде, жыртқыштардың өзі тістеген олжасын тастап қашады. Канадалық ғалымдардың эксперименті осыны көрсетті.
Батыс Онтарио университетінің зерттеушісі Лиана Занетт (Liana Y. Zanette) пен әріптестері арыстан мен адамның қайсы қорқыныштырақ екенін анықтамақ болды. Олар Оңтүстік Африкадағы Крюгер ұлттық паркіндегі жабайы аңдарды бақылады, мұнда дүниедегі ең ірі арыстан популяциясының бірі сақталған. Арыстан олжасын әдетте суат басында қарауылдайды, браконьерлерлер де аңды сол жерде аулайды. Ғалымдар суатқа баратын соқпақтан бірнеше метр тұсқа камералар мен динамик орнатты. Динамиктен арыстанның ырылы мен адамның сөйлегені, сондай-ақ бақылау үшін мылтық даусы, иттің арсылы мен құстар үні ойнатылды. 19 түрлі жыртқыш пен шөпқоректі жануар түсіп қалған 16000 видео жинақталды.
Адам даусын естіген аңның барлығы дерлік, басқа дыбыс шыққанмен салыстырғанда, суат маңынан екі есе жиі қашады екен. Және олар 40 процент жылдамырақ шауыпты. Атыс пен итке реакция арыстан ырылымен шамалас болды. Құстың сайрауы еш аңды үркітпеді. Арыстандардың өзі ғана адам даусынан да, басқа еш дыбыстан да шошымады. Арыстан дыбысын естіген пілдер қорғанысқа дайындалса, адам сөйлегенде құр бас сауғалап қаша жөнелді.
Арыстаны көп, әрі аң аулауға тыйым салынған аумақты мекендейтін аңдардың өзі азулы жыртқышпен салыстырғанда адамнан қаттырақ қорқатын болып шықты. Және оларға адамның мылтығы мен итінен гөрі өзі қорқынышты екен. Зерттеу нәтижелері Current Biology журналында жарияланған .
Физика және Ғарыш парақшасынан алынды