Путин Қазақстанға АЭС салып бере ме?
Президент АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданатынын айтты.
Ресейлік БАҚ-қа сұхбат берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі АЭС құрылысы жөнінде айтып өткен, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады, – дейді президент.
Тоқаев екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіретінін атап өтеді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болатынын жеткізеді.
– Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады, – делінген сұхбатта.