Жаңалықтар

Қазақтар байкот жасап кола ішпей қалғаннан соғыс тоқтамайды

Израиль мен Газа арасындағы соғыс сұмдық қасірет. Өлген бала мен ананы көргенде жүрегі бардың жаны ауырады.

Желіде Кока-Коланы төгіп жатқан видео тарады. Бұл Израильдің Газаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған бойкот көрінеді. Әрине жақсы ниетпен, қантөгіс тоқтасын дегенмен жасалған іс қой. Бірақ пайдасы бар ма? Жоқ. Мүлде, нөл! 

Испан ұяты деген дүние бар. Істейтін біреу, ұялатын сен. Қазақтар кола ішпей қалғаннан, Газада соғыс тоқтап қалмайды. Бұл Израиль-ХАМАС соғысына 0,000000001 пайыз да әсер етпейді. Есесіне қазақтардың өзі зардап шегеді. Неге? Қысқаша айта кетейін. 

Coca-Cola АҚШ-тың компаниясы. Млрдтаған доллар айналымға және әлем бойынша барлық елге сатылымға ие. Компания өнім рецептіне және бренд құқығына ие. Алайда Коланы әлемнің көптеген елдерінде Coca-Cola компаниясына тікелей тиесілі емес компаниялар құйып сатады. Ондай компанияларды ботлерлер деп атайды. Coca-Cola оларға өздерінің әйгілі сиробын жеткізіп тұрады. Қазақстанда да бірнеше Кола шығаратын компания бар. Ол біздің жерде тұрған зауыт, онда жұмыс істейтін азаматтардың барлығы біздің отандастарымыз. Сен Кола ішпегеннен Израиль мен Газа соғысы тоқтамайды, максимум өз отандастарың жұмыссыз қалуы мүмкін, Кола демеуші болатын түрлі спорт, өнер сайыстары мен қайырымдылық шаралары азаюы мүмкін. Бірақ шынымды айтсам ол да мүмкін емес өйткені, ешкім мұндай бойкотқа қосылмайды. 

Жалпы Қазақстан сынды елдердегі бойкоттар әлемдік саясатқа қандай да бір әсері бар деп айта алмаймын. Халық саны аз, сатып алу қабілеті жоғары емес. Бізде бір жылда сатылатын жаңа көліктер кей елдерде бір күнде сатылады дегендей. Максимум біздегі бойкот өзіміздің ішіміздегі жұмыссыздықты арттыруы мүмкін, салық түсімін азайтуы мүмкін, одан басқа түк емес. 

Қазақстан мұнай жеткізуді тоқтатса, уран сатуды тоқтатса немесе астық жеткізуге тыйым салса, өз аумағын транзит ретінде қолдануға рұқсат етпесе белгілі бір саяси оқиғаларға әсер ете алуы ықтимал. Бірақ бұл мемлекет дейгейінде қабылданатын шешім және мемлекет ешқашан ондай шешімге бармайды. Бармауы да тиіс! Бұл өз еліңнің мүддесін таптау, халқыңның әлеуметтік жағдайын мүлде ойламау деген сөз. Қысқаша солай...

Израиль мен Газа арасындағы соғыс сұмдық қасірет. Өлген бала мен ананы көргенде жүрегі бардың жаны ауырады. ХАМАС-тың жасағаны да, Израильдің оған қарсы соғысы да нағыз адамдықтан шыққан, моральды таптаған, соғыс заңдылықтарын ескермеген негізде жүріп жатыр. Сөзсіз бұл қырғын тез арада тоқтауы тиіс. 

Бірақ эмоцияға беріліп, ел күлетін, өзге халық келеке ететін әрекет жасау ұят тірлік. Тик-Токтағы видеоның астына жазылған  орысша пікірлерді көріп, ұялып кетесің. Теледидар талқандаған тәлібтермен салыстырып, мазақ етуде.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ 

(жазба facebook парақшасынан алынды)