Мағжан Жұмабаев көзқарасы. Баланы бесікке бөлеу дұрыс па?
Құрсақтан шыға сала құшаққа енген баланы бесікке салу қаншалықты дұрыс? Мағжан Жұмабаевтың бесікке көзқарасы қандай болған? Бірге білейік.
Қазақтың біртуар ақыны, “Мен жастарға сенемін” деп ұрандатқан Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика»атты еңбегінде бала тәрбиесі жөнінде не айтылған?
Бала тәрбиесі жатырда жатқаннан басталады. Құрсақтан шыға сала құшаққа енген баланы бесікке салу қаншалықты дұрыс? Мағжан Жұмабаевтың бесікке көзқарасы қандай болған? Бірге білейік.
Дәрігердердің айтуынша, баланы бесікке қысып байлап тастау – дұрыс емес.
Мағжанның пікіріне назар салайықшы:
«Қазақ бесігі – аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза, жинақ жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда, осы бесікке баланы қалай бөлеу керек. Қазақ қатыны баланы жөргекке орап, бесікке екі жерден кеудеден бір, аяқ үстінен бір тас қылып таңып тастайды. Бұлай таңып тастау, әрине, балаға зиянды. Баланы бесікке бөлейтін болсақ, осы зияннан қалай құтыламыз?
Маған мынадай бір ой келді, баланы екі жерден қысып, қан жүруіне кесел қылмас үшін, тартпаны кеңейту жолын қарастыру керек. Менің ойымша тартпаны екеу қылмай, біреу қылсақ. Біреу қылғанда, баланың мойнынан аяғына жететіндей қылсақ. Енді тартпа демей-ақ жабу дейік. Жабу бесіктің бір жағына, айталық, 6-7 баумен байланған болса, баланы жөргегімен орап, төсегіне салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6-7 баумен байласақ. Міне, осындай жабумен таңылса, аса зиянды болмас еді».
Ақын ары қарай бесікті тербету мәселесіне ойысады: «Күн батып барады. Үй іші қара көлеңке. Қыс болса, сасық үңгірдің ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр. Жаз болса, туырлықтың етегінен, шидің арасынан жыландай жүз бұралып, қоңыр жел кіріп, жолдасын жоғалтқан жандай мұңды, зарлы бір қоңыр әнге басады. Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап-жылап шаршаған. Енді айқай салып жылауға шамасы жоқ. Әлсіз ғана ыңыранады. Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи-шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма? Кім білсін, бесік жанында көзі көрдей сұп-сұр бір кемпір отыр. Құрысқан қолы бесіктің арқалығында. Салмақпен бесікті тербетеді. Бала ыңыранады, бесік күңіренеді, кемпір де күңіренеді.
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін…
Әлди-әлди, әлди-ай… –
деп күңіренеді кемпір. Кемпірде талу жоқ. Тербетеді, күңіренеді, тербетеді…»
«Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйықтату емес, шайқап-шайқап баланың басын айналдыру, естен тандыру. Тербетіп ұйықтату – баланы талдырып ұйықтату деген сөз. Тербетіліп ұйықтатылған бала ұйықтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып байлап тұрып, ерсіл-қарсыл шайқап-шайқап тербетіп-тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек».