Саясат

Тоқаев бұрынғы президент Назарбаевтың қай еңбегін еске алды?

Тоқаев бірінші президенттің еңбегін ескеруіміз керек екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы президент бүгін Республика күніне орай өткен салтанатты жиында айтты, деп Taulik.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ.

Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. "Жақсының жақсылығын айт" деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс", - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.