Білім

AI ұстаздан озып кетпей ме? Білім саласындағы жаңа этикалық сын-қатер

ChatGPT студенттердің білім алу процесін қалай өзгертіп жатыр? Ақлима Болатқызының зерттеуі. 

OpenAI компаниясы құрған генеративті жасанды интеллект өнімі қазіргі кезде барлық салаға еніп үлгерді. Оған түрлі саладағы сарапшы элементін қосуға мүмкіндік беретін қосымша плагин қызметтері пайда болды. Білім беру саласында ұстаздар оны оқу әдістемесін реттеуге көмекші құрал ретінде қарастырса, студенттер оқу үдерісінде берілген тапсырмаларын орындауға қолданып жүр. Соның есебінен жасанды интеллект құралын қолданудағы назар аударуға тұрарлық этикалық дилемма пайда болды. MNU студентінің зерттеуін назарларыңызға ұсынамыз. 

Америкалық The New York Times басылымының жазуынша, кейінгі үш жылда АҚШ-тағы университеттер оқу бағдарламасын өзгертіп, жасанды интеллектіні қолдану шеңберін қысқартатын ережелер қалыптастырған. Мәселен, Солтүстік Мичиган университетінің профессоры Энтони Ауманнстуденттерінің ChatGPT платформасын пайдалана бастағанын біліп, тапсырма ретінде берілетін эссенің бір бөлігін дәріс барысында жаздыруға көшкен. 

Мұндай мәселелер Қазақстан жоғары оқу орындарында да туындаған. Астанадағы Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің профессоры Әсел Битабар да кей студенттер жасанды интеллектіге жүгіне бастағанын байқағанын айтады. Сол үшін ол да тапсырмаларды қабылдау барысында өзгеріс енгізген. 

«Көп жағдайда ChatGPT жазған мәтінді тану қиын емес. Тек кейде оны дәлелдеу қиынға соғуы мүмкін. Жазбаша жұмысты ауызша қорғап шығуды талап ету – тексеруді күшейтудің бір жолы. Менде зерттеумен айналысатын магистранттар мен докторанттар жоқ, бірақ зерттеу процесіндегі жасанды интеллект қолданысына қатаң көзқарас ұстанамын», – деді ғалым.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Гүлжан Жарасова MNU Newsroom тілшісіне берген сұхбатында “оқыту тәсілдерін және бағалау үдерісін топтық жұмысқа, ауызша емтиханға және тағы сол сияқты әдістерге негізгі екпінді қоя отырып қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр” деді. 

Жарасова университеттерде тұрақты, ашық, инклюзивті және әділ бағалауды қамтамасыз ету аса маңызды екенін айтады. Ол бұл тұрғыда студенттердің білімін бағалаудың цифрлық жүйелерін, оның ішінде прокторинг жүйесін күшейту жұмыстары қолға алынғанын хабарлады.

Қазақстанда әзірге оқу орындарындағы плагиат мәселесі АҚШ-тағыдай мәселе тудырып, талқыға түсіп жатқан жоқ. Сарапшылар мұны ChatGPT-дің қазақ тіліндегі мүмкіндігі ағылшын тіліндегі нұсқасына қарағанда сапасы төмен болғанымен байланыстырады. 22 тамызда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО-ларда магистратура не докторантурада оқитын жас ғалымдар диссертациясын жазғанда жасанды интеллектіні пайдалануға болатынын, бірақ нақты қай бөлігін машина жазғанын көрсетуге міндеттеу керегін айтты. 

“Жасанды интеллектпен жұмыс тақырыбы бойынша біз қазіргі уақытта жоғары білім саласындағы заңнамалық реттеуді өзгертіп жатырмыз. Мысалы, енді біз магистрлік, докторлық немесе студенттік диссертация жазуда жасанды интеллектті пайдалануға рұқсат береміз. Бір ғана шарт бар – «бұл мәтін жасанды интеллект көмегімен жасалған» деп көрсету қажет”, – деді министр «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» атты тамыз педагогтар саммитінде. 

Нұрбек жасанды интеллекттің әлеуетті арттыратын өте қуатты құрал екенін атап өтті.

СТУДЕНТТЕРГЕ КӨМЕКШІ ҚҰРАЛ МА?

Maqsut Narikbayev University Халықаралық қатынастар мектебінде 3-курста оқитын Алуа Закирьянова жасанды интеллектінің көмегіне үйреніп қалғанын, онсыз тапсырмаларды орындау қиын екенін айтады. 

“Қазіргі кезде студенттерге тапсырмаларды ChatGPT-сіз орындау қиын. Өйткені біз оған үйреніп қалдық”, – дейді ол. 

Алуа күнделікті өмірде де, сабақ үстінде де чатты белсенді қолданады. Алуа OpenAI платформасына көбінесе, курс материалдарын түсінуге немесе алдын ала сабақтарға дайындалуға жиі жүгінетінін айтады.

“Мен сабақта тақырыптарды тереңірек түсіне бастадым. Чат керек сұрақ бойынша тез ақпарат алуға көмектеседі”, – дейді ол. 

АҚШ-тың Риверсайдтағы Калифорния университетінің профессорлері ChatGPT студенттер үшін тапсырмаларды жазып беретін құрал емес, білімін арттыруға түрткі болатын ассистенке айналуы керек деген пікірде. Олар оны шектеудің орнына, жылдам ақпарат игеруге қолдануды құптау керек дейді. 

“ChatGPT немесе басқа жасанды интеллект құралдарының қолданылуын тоқтату немесе шектеуге болмайды. Бұл технологиялар біздің өмірімізге сіңіп үлгерді, одан да университеттер оқыту миссиясын қайта қарастыруы керек”, – дейді Риверсайдтағы Калифорния университетінің профессоры Моррис Мадуро.

Corvinus University of Budapest студенті қазақстандық Айша Әлімбетовахалықаралық бизнес және экономика факультетінде оқиды. Ол аталған платформаны күнделікті сабақ оқу барысында, тақырыптық зерттеу жұмыстары мен ұзақ мәтіндерді қорытындылау, толық түсінбеген тақырыптарды қайталау, үлкен көлемдегі ақпараттарды жинау барысында қолданады.

Сабақ барысында қолданған жағдайда плагиат болмау үшін профессорлар дереккөздер мен пайдаланылған әдебиетке ChatGPT-ді қосуды талап ететінін айта кетті.

Оған қоса, сабақтардан тыс, жеке өзі білгісі келетін сұраныстарына жасанды интеллектіден жауап алатынын жасырмады. Ол ChatGPT «ұғынуға қиын жаңа академиялық терминдерді оңай түсінікті тілмен түсіндіретінін» айтады.

«ЖИ қолданғалы бері 3-4 сағат жасайтын жұмысымды 1-2 сағатта аяқтайтынымды байқадым. Чатты семинар немесе сабақ барысында қолданған кезде, тақырыпты әлдеқайда тез меңгеріп, тапсырмаларды екі есе көп орындайтыныма көз жеткіздім. Чат  оқу процесін әлдеқайда жеңілдетеді», – деді Айша.

CHATGPT-ДІҢ ОҢ ЖӘНЕ ТЕРІС ТҰСТАРЫ

ChatGPT – 2022 жылдың 30 қарашасында OpenAI ұйымы жасап шығарған платформа. Бұл жасанды интеллектке негізделген тілдік модель.

Чат-ботты қолдануда тапсырыс мәтінін дұрыс жазу аса маңызды. Яғни платформаны қолданушы тапсырма промптын барынша анық әрі дәл жазуы керек. «Промпт қалай жазылса, жауабы да солай болады», дейді жасанды интеллектіні жан-жақты зерттеп, қолданып жүрген журналист Марғұлан Ақан. 

“Қай тілде қолдансаңыз да, ол жауапты өзінің код тілінде әзірлеп, әлемнің триллиондаған базасын жеткізіп, сол жерден сұрыптап, ақпарат беріп отыр. Қазір қысқа форматтағы ақпаратқа көз үйреткен қоғамда, жаңа идея іздеу, ерекше, креативті формадағы контент ұсыну қиын. Ал ChatGPT мұны шеше алады”, – дейді Ақан.

Астанадағы «MARS ROBOTICS» робототехника және инженерия мектебінің негізін қалаушы Марс Мавлетұлының айтуынша, қазір студенттердің берілген ақпаратты игеруі бұрынғыға қарағанда тез жүре бастаған.  

«Бұрын оқушы мұғалімге түгелдей тәуелді болды. Мұғалім қандай ақпарат береді оқушы сонымен жұмыс істейтін және қосымша интернет көзін қолданатын. Жасанды интеллект арқылы оқушылар мұғалім берген ақпаратпен ЖИ берген ақпаратты салыстыра алады», – дейді ол.

Десе де, кей сарапшылардың пікірінше, чатты көп қолдану студенттердің өз бетінше ойлануына кері әсер беруі мүмкін. Бұған студенттердің этика мәселесіне бейжай қарауымен қатар, ChatGPT платформасының кей сезімтал сұрақтарға мораль тұрғысынан дұрыс жауап бере алмауы да ықпал етеді. Мәселен, 2023 жылдың сәуірінде Себастьян Крюгель есімді неміс ғалымы әріптестерімен бірге нейрожелінің адам құндылықтарын ескеру коэффициентін зерделеген. 

Олар жасанды интеллекті қолданушылардың құндылықтарына әсер етіп, өзгертетін жауаптар бергенін анықтаған. Зерттеу танымал Nature ғылыми журналында басылғаннан кейін академиялық ортада көп талқыға түсті. Бірақ өзге ғалымдар платформа үнемі дамып келе жатқанына меңзеп, нейрожелінің кейінгі нұсқасы бұл мәселені де шешетінін айтады. 

MNU профессоры Әсел Битабар “мәтін жазу – жаттығу арқылы дамытуға болатын машық” деп білетінін, ал “ChatGPT-ді қолдану осы машықты – кем дегенде, студенттер арасында дамытуға кедергі жасап жатқанын” сөз етті.

«Бір пәнде бір жазбаша тапсырманы алып тастадым, оған себеп: көп студент шағын ғана мәтіннің өзін ЖИ-ге жазғызатын болды», – деді профессор.

ChatGPT-ді білім саласында пайдалануға қатысты студенттер көзқарастары әртүрлі. Мысалы, Pusan National University-дің 1-курс студенті қазақстандық Айдана Темірханова сабақта жасанды интеллектіні қолдануды құптамайды.

«Біздің университетте нейрожелілерді қолдануға рұқсат бермейді. Студенттер арасында сабақта тапсырмаларды өз бетінше орындамай, жасанды интеллект көмегімен дайын жауаптарды көшіріп алу көп. Бұл білімді дұрыс меңгеруге кері әсерін тигізеді», – дейді Айдана.

Назарбаев университетінің 4-курс студенті Қарлығаш Мұқанова да чат-ботты қолданбайтынын, барлық жұмысты өзі жазатынын айтты.

«Менің ойымша, жиі қолданған кезде адам одан қатты үміттене бастайды, бұл болашақта жұмыста/оқуда кедергі болады. Әсіресе, егер оларға жасанды интеллектіні мүлдем қолдануға болмайтын тапсырма берсе, адам есеңгіреп, бұл істі жасай алмайды. Сондықтан мен ChatGPT  қолданбаймын», – дейді Қарлығаш.

Кейбір елдердегі топ университеттер оқу барысында студенттерге жасанды интеллектіні пайдалануға шектеу қойды. Мысалы, Жапониядағы Токио университеті платформаны шектейтін ереже шығарса, Аустралиядағы 8 университет әкімшілігі ChatGPT плагиатын болдырмау үшін емтихандарға қағаз және қаламмен кіргізетін болған. Ал Франциядағы Science Po институты студенттер нейрожелі жазған мәтінді арнайы дисклеймермен көрсетілсе ғана, қолдануға мүмкіндігі болатынын айтқан.

Академиялық ортада жасанды интеллектіні түрлі ережелермен шектемей, оны этика шеңбері төңірегінде қолдануды үгіттеу керегі жиі айтылып жүр. Былтыр Вашингтон университетінде ChatGPT-ді жоғарғы оқу орындарында қолдану туралы пікірталас өтті. 

Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдардың бір бөлігі жасанды интеллектіні шектеудің орнына білім беру үшін қолдануды үйрену керек десе, тағы бірі нейрожелі расталмаған ақпаратты да тарата беретінін айтып, ол академиялық емес, коммерциялық өнім екеніне назар аударуға шақырды. 

ЭТИКАЛЫҚ ДИЛЕММА НЕДЕ?

Америкалық OpenAI компаниясының ChatGPT платформасы шыққалы академиялық ортада “университетте нейрожеліні пайдалану этикаға сай ма?” деген сұрақ жиі талқылана бастады. Дипломдық жұмысын не зерттеу тезистері платформа көмегімен, не толық жасанды интеллектінің “креативті жазуымен” аяқтап, оң нәтиже алып шыққан кейстер де болды. 

«Студенттер барлық тапсырмаларында жасанды интеллект қолданған контекстін белгілеп, интеллектіні пайдаланғанын, тіпті оның берген ақпаратының жарияланған күнін көрсету дұрысырақ болады. Өйткені, жасанды интеллект берген ақпараты әрдайым жаңарып отырады», – дейді MNU-де академиялық адалдық және этика маманы Мади Мылтықбаев.  

Ол қазір MNU-де чат-ботты толығымен пайдалануға тыйым салу туралы саясат жоғын, егер алдағы уақытта студенттерге тыйым салатын болса, олар өзгелерден артта қалып қою қаупі барын айтты. 

Десе де, кей студенттер академиялық адалдықты бұзып, жасанды интеллекті берген ақпаратты өз атынан ұсынуға тырысатыны белгілі. Бүгінде жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты сақтау үшін ғалымдар плагиатты анықтайтын құралдарды қолданып жүр. Мәселен, «Turnitin», «Антиплагиат.Казахстан», «Strike.Plagiarism» секілді платформаларда мәтіннің машиналық ойлаумен жазылғанын не жазылмағанын анықтауға болады. 

Turnitin өзінің жасанды интеллектіні анықтау құралын 2023 жылдың сәуірінде шығарды, содан бері платформада 200 миллионнан астам студенттік жұмыс қарастырылған екен. Соңғы зерттеулеріне сәйкес, студенттер оны жиі қолдана бастағаны белгілі болған. Сондай-ақ олардың өткізген сауалнамасы бойынша, студенттердің 75 пайызы бұл технологияны қолдануға шектеу қойғанның өзінде пайдалануды доғармайтынын жазған.

Алайда бұл жалпы әлемдік көрсеткіш. «Антиплагиат.Казахстан» деректеріне сәйкес, Қазақстанның 67 ірі жоғары оқу орыны мен басқа да білім беру ұйымдарынан 8 мың студент жұмысында мәтіннің жасанды генерациясының іздері табылған. Бұл жалпы тексерілген 95 студент жұмысының 12 пайызын құрап отыр. 

Десе де, бұл құралдар плагиат мәселесін толық шешпейді. 

Мысалы, Арай (аты өзгертілген) есімді елордалық студент сабақта чатты өте көп пайдаланатынын айтады. Ол ұстаздары беретін кез келген тапсырманы ChatGPT диалогына салады екен. Оның сөзінше, интернетте жасанды интеллектінің мәтінін студенттің стиліне бейімдеп, өзгертіп беретін де құралдар бар. 

Былтыр Астанада өткен Digital Bridge 2023 форумы барысында Seven Hills of Kazakhstan киберқауіпсіздіктен қорғау шешімдерін ұсынатын компанияның жетекшісі Олег Бил студентін дипломдық жұмысты жазуға ChatGPT-ді пайдаланып жүргенін анықтағанын айтқан. 

“Мен ChatGPT-ді қолданбаймын. Университетте сабақ беремін. Биыл бір студентім сирек тақырып бойынша «диплом жұмысын» жазуға ChatGPT-ді пайдалануға тырысты. ChatGPT үнемі бір фокус төңірегінде тұрып, бір ойды қайталап жаза береді. [Студенттен сұрғанымда] ол өзі жазғанын айтты. Бұл жағдай жасанды интеллектінің кейбір қарапайым сұрақтарды тез жауап іздеуге мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Генеративті жүйелердің ең үлкен кемшілігі – шығаратын нәтижелерінің түсініксіздігінде”, — деген еді Бил.