Ипотекаға алған пәтерді сатуға бола ма?
Жылжымайтын мүлікке қатысты шешімді пәтердің заңды иесі қабылдай алады: ол оны сату, жалға беру немесе сыйға тарту мүмкіндігіне ие болады. Алайда, пәтер банк кепілінде болғандықтан, бұл әрекеттер үшін банктің рұқсаты қажет, деп хабарлайды Taulik.kz.
Пәтерді сатуға рұқсат алу керек
Ипотекадағы пәтерді сату үшін мына қадамдарды орындау қажет:
- Қарыз сомасын анықтау;
- Ең алдымен, банктен қалған қарыздың нақты сомасын және мерзімінен бұрын төлеу кезінде комиссияның бар-жоғын білу керек.
Банктен рұқсат алу
Банк рұқсатынсыз кепілдегі пәтерді сату мүмкін емес, себебі пәтердің түпнұсқа құжаттары банкте сақталады, ал нотариус ауыртпалық барын көрген жағдайда мәміле жасаудан бас тартады.
Рұқсат алу үшін банктің несие бөліміне еркін форматта өтініш жазу қажет. Өтініште мүлікті сатудың себебі, несие шартының нөмірі және қажетті деректер көрсетіледі.
Банк әдетте пәтерді сатуға қарсылық білдірмейді және өтінішті 14 жұмыс күні ішінде қарайды. Рұқсат банк мөрі қойылған ресми құжат түрінде беріледі.
Ипотекадағы пәтерді сатудың екі жолы бар
Ипотекада тұрған пәтерді сатудың екі негізгі тәсілі бар:
1. Қолма-қол төлем арқылы сату
Бұл әдіс бойынша пәтердің қарызы сатып алушының төлемімен толық жабылады.
Сатып алушы қарызды жабуға жеткілікті соманы сатушыға береді. Бұл мәміле келісімшарт арқылы бекітіледі. Келісімшартта қарыздың толық жабылуы және ауыртпалықты жою міндеті көрсетіледі.
Сатушы ипотеканы өтеп, құжаттарды алады және ауыртпалықты жояды.
Осыдан кейін сатып алу-сату шарты жасалады.
Сатып алушы қалған ақшаны пәтер иесіне береді.
Процесске кететін уақыт: шамамен екі апта.
2. Ипотека арқылы сату
Егер сатып алушы пәтерді өз ипотекасы арқылы сатып алғысы келсе, мәміле қарызды қайта табыстау әдісімен жүргізіледі. Бұл жағдайда сатып алушы сатушының қарызын өз мойнына алады.
Сатушы банкке ипотека қарызын сатып алушыға беру туралы өтініш жазады.
Банк сатып алушының төлем қабілеттілігін тексергеннен кейін рұқсат береді.
Осы рұқсат негізінде нотариус арқылы сатып алу-сату шарты жасалады.
Сатып алушы банкпен жаңа ипотека шартын рәсімдейді.
Назарда ұстайтын дүние бар
Хабарландыру бергенде пәтердің кепілде тұрғанын көрсету қажет.
Сатып алушы мен сатушы арасындағы сенімділік жоғары деңгейде болуы тиіс, себебі мәміле күрделі қаржылық операцияларды қамтиды.
Осы тәсілдер арқылы ипотекадағы пәтерді сатуға болады, бірақ әр қадамды мұқият орындау және банк талаптарын сақтау қажет.
Дереккөз: krisha.kz.