COVID-19: Әлемді дүр сілкіндірген вирус шынымен Қытайда пайда болды ма?
COVID-19 пандемиясы аяқталғанымен, оның шығу тегі туралы пікірталастар әлі де жалғасуда. Ғалымдар мен саясаткерлер бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр, деп хабарлайды Taulik.kz.
Aljazeera басылымының мәліметінше, АҚШ конгрессмендері екі жылдық тергеудің нәтижесінде коронавирус Уханьдағы (Қытай) зертханадан тарауы мүмкін деген қорытындыға келді. АҚШ Өкілдер палатасының коронавирус мәселелері бойынша комитетінің есебінде:
«COVID-19 вирусы Ухань қаласындағы зертханадан шыққан болуы ықтимал», — деп жазылған.
Бұл болжамды растау үшін бес негізгі дәлел келтірілген. Есеп авторларының айтуынша:
Вирустың табиғатта кездеспейтін биологиялық ерекшеліктері бар.
Алғашқы инфекция жағдайлары бір адамнан басталған, бұл алдыңғы пандемияларда байқалмаған.
Уханьдағы SARS вирустарын зерттейтін зертхананың биологиялық қауіпсіздік деңгейі жеткіліксіз болғаны айтылады.
2019 жылдың күзіне қарай, яғни COVID-19 жабайы жануарлар нарығында анықталғанға дейін, Ухань вирусология институтының қызметкерлері коронавирусқа ұқсас вируспен ауырған.
Табиғи таралу теориясын дәлелдейтін айғақтар болса, олар әлдеқашан табылар еді.
Ал Қытай бұл тұжырымды жоққа шығарады. Олар коронавирустың зертханадан шықпағанын мәлімдеп келеді. Сонымен қатар, 2023 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Ұлыбритания және Франция ғалымдары вирустың Уханьдағы теңіз өнімдері нарығынан тарағанын дәлелдегендерін айтты. Дегенмен, зерттеушілер вирус жануарлардан адамдарға немесе адамдардан нарыққа тарауы мүмкін деген екі түрлі гипотезаны қарастырды. Екінші нұсқа вирус зертханадан тарауы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды.
Коронавирустың шығу тегі туралы пікірталас әлі де жалғасып жатыр, бұл мәселе жаһандық денсаулық сақтау жүйесіне және болашақ пандемияларға дайындыққа әсер ететіні анық.