Қоғам

«Ешкім сенбейді» – Шымкентте 2 қызды психдиспансерде бірнеше рет зорлаған

Зорланған қыздың бірі кәмелет жасқа толмаған әрі аяғы ауыр болып қалған. 

Қазір бүкіл әлемде және Қазақстанда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» деп аталатын акция өтіп жатыр. Алайда акция шымкенттік психдиспансерге әсер етпеген секілді. Себебі дәл осы мекемеде екі бірдей қыз зорланған. Олардың бірі әлі кәмелеттік жасқа толмаған. 17 жастағы қыздың аяғы да ауыр болып қалған, кейін денсаулығына байланысты түсік жасатқан. Бұл туралы Taulik.kz сайты Азаттық радиосына сілтеме жасап баяндайды.

Аты-жөндерін жасырып, бірақ болған оқиғаны баяндап беруге келіскен қыздардың бірі 22 жаста, екіншісі 17 жаста. 22 жастағы қыз ажырасқаннан кейін денсаулығына байланысты Шымкенттегі психдиспансерге келген. Ал 17 жастағы қызға шизофрения деп диагноз қойған. Бұл мекемеде талап пен тәртіп қатаң. Сыртқа шығуға болмайды. Тек ем аяқталғаннан кейін ғана шығуға рұқсат.

Азаттық радиосы жариялаған материалда екі бірдей іште жұмыс істейтін азаматтың екі жас қызды кезек-кезек зорлағандары туралы айтылады. Камера жоқ, жан баласы жоқ жерлерде өз істерін жасаған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Себебі полиция «зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс ашқанымен, күдікті деп ешкімді ұстай алмай отыр екен. Яғни анықталмаған.