Жаңалықтар

Енді шынымен үйді қолма-қол ақшаға сатып алуға болмай ма? — түсіндірейік

Қолма-қол ақшаға үйді сатып алу мүмкін емес пе?

Тұрғын үй құрылысына қатысатын үлескерлердің құқықтары күшейтіледі — Сенат жаңа заңды мақұлдады

Қазақстан Сенаты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Жаңа заңда тек құрылысшыларға емес, қарапайым халыққа да тікелей қатысы бар маңызды өзгерістер бар.

Не өзгермек?

Сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй салуға үлескер ретінде қатысудың үш жолы бар:

Мемлекеттік Бірыңғай оператордың кепілдігі арқылы;

Екінші деңгейлі банктердің қатысуымен;

Үйдің қаңқасы тұрғызылған соң қаржы тарту арқылы.

Алайда бұл механизмдер әрдайым дұрыс жұмыс істей бермейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 99 үй рұқсатсыз, ал 42 үй проблемалық деп танылған.

Бұл жағдайға заңсыз келісімшарттар, сапасыз құрылыс, мерзімінің кешігуі және үлескерлердің шығынға ұшырауы себеп болып отыр.

Жаңа заң не әкеледі?

Алдын ала келісімшарттар жасауға тыйым:
Салынбаған үйден пәтер алуға байланысты келісімшарттар заңсыз деп танылады. Бұл халықты алдап, үйдің болашағы бұлыңғыр құрылысшылардың жолын кеседі.

Рұқсатсыз жарнамаға қаржы тартуға тыйым:
Кез келген құрылыс компаниясы үлескердің ақшасын жарнама арқылы заңсыз тарта алмайды.

Жергілікті әкімдік бақылауы күшейеді:
Әкімдіктер салынатын тұрғын үйлерге үлескерлердің ақшасын заңды жолмен тартылып жатқанын тексере алады.

Ипотекамен сатып алуға шектеу:
Құрылыс әлі аяқталмаған үйлерден ипотека арқылы жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым салынады.

Тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу:
Салынбаған пәтерлерді сатып алу тек банк арқылы жүреді — бұл да қауіпсіздік шарасы.

Құрылыстың мерзімін ұзартуға рұқсат:
Бұрын 9 ай ішінде басталуы тиіс құрылыс мерзімі 5 айға ұзартылып отыр. Бұл да құрылысшыларға икемділік береді.

Банктер мен Бірыңғай оператор кепілдіктерінің шарттары жеңілдетіледі:
Бұл компаниялар үшін жобаларды іске асыруды жеңілдетеді, демек жаңа үйлердің салыну ықтималдығы артады.

Үлескерлердің қаржысын ертерек пайдалануға рұқсат:
Егер әкімдік рұқсат берсе, құрылыс компаниясы үйдің қаңқасы аяқталмай тұрып-ақ үлескерлердің ақшасын пайдалана алады.

Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады

Бұл орталық үлескерлердің құқықтарын қорғау, ақпарат беру және мәселелерді шешуде делдал болу қызметін атқарады. Мұндай институт халықтың сенімін арттырады деп күтілуде.