Қазақстандықтар енді үйдің әрбір шаршы метрі үшін қымбат төлейді – сенат қабылдады

24 маусым, 2025 / taulik
Коллаж: taulik.kz

Астана, 2025 жылғы маусым. ҚР Сенаты «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екі оқылымда қатар мақұлдады. Енді құжатқа Президент қол қойса, жаңа нормалар күшіне енеді. 

Тарифтер МРП-ға байланады: кезең-кезеңімен қымбаттайды

Жаңа заңға сәйкес, тұрғын үйді ұстауға арналған ең төменгі тарифтер айлық есептік көрсеткішке (АЕК / МРП) байланады. Бұл дегеніміз — түбіртектерде көрсетілетін «ОДН» немесе «үйді күтіп-ұстау шығындары» бағанындағы сома жыл сайын АЕК-тің өсуіне қарай ұлғайып отырады.

Тариф есептелгенде пәтердің ауданына сүйенеді.
Алғашқы кезеңде шаршы метріне шаққанда 2–3 теңгеге жыл сайын өсіп отыруы мүмкін.

Мақсаты — тұрғын үйлердің тозуын болдырмау, оларды техникалық жағынан жарамды күйде ұстау.

Үйді басқарудың жаңа үлгісі: тек ОСИ және НСУ

Енді көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың тек екі жолы ғана заңды деп танылады:

ОСИ (Меншік иелері бірлестігі) – заңды тұлға ретінде тіркеліп, тұрғындар өз үйін дербес басқара алады. Қажет болса, КСК немесе басқарушы компаниямен келісімшарт жасасуға құқылы.

НСУ (Тікелей бірлесіп басқару) – бұл модель заңды тұлға тіркемей-ақ басқаруға мүмкіндік береді, бірақ тек 36 пәтерден аспайтын үйлерге ғана рұқсат етіледі.

Осы өзгерістер аясында қарапайым серіктестіктер (простое товарищество) жойылады.

КСК мен басқарушы компаниялар толық жойылмайды, алайда енді олар тек жалдамалы басқарушы ретінде, тұрғындардың жиналысында қабылданған шешім негізінде ғана жұмыс істей алады.

КСК-ға әр үйге жеке банк шотын ашу міндеттеледі, бұл қаржының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Басқару ережелеріндегі негізгі өзгерістер:

Пәтер иелері пәтер жалдап тұрып жатқан адамдар туралы ақпарат беруге міндетті.

Жалпы жиналыстарда дауыс беруге тек меншік иесі қатыса алады, бұл құқық расталуы тиіс.

Онлайн дауыс беру мүмкіндігі енгізіледі (цифрлық платформалар арқылы).

ОСИ, КСК, басқарушы компания алдындағы қарызды өндіру мерзімі 3 айдан 2 айға қысқартылады.

Шешім қабылдау 51% көпшілік дауыс арқылы жүзеге асады.

Басқарушылар арнайы сертификат алуы керек: заң, инженерия және қаржы бойынша білімін дәлелдеуі шарт.

Әр үйде міндетті жинақ шоты (резервтік қор) болады, ол жөндеу және үйді жақсартуға жұмсалады.

Тұрғын үй инспекциясының өкілеттігі кеңейеді – жылу маусымына дайындық және орындалған жұмыстың сапасын тексеру мүмкіндігі беріледі.

Бейнебақылау жүйелері ресми түрде коммуналдық қызметтердің қатарына енеді.

Заң жобасы Президенттің қол қоюын күтуде. Жаңа нормалар күшіне енген соң, тұрғын үй басқару жүйесі мен қаржылық есеп айқын әрі заңда нақты реттелген жүйеге көшеді деп күтілуде.

Тэгтер:

қымбатшылық заң қазақстандықтар сенат тұрғын үй үй мақұлдады шаршы метр