«Кинотеатрлар қазақстандық киноны тұншықтырып отыр» – депутат

Бүгін, 13:45 / taulik
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсембаев қазақстандық кино нарығындағы ахуалға қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, елдегі ірі кинотеатр желілері өздерінің үстем жағдайын пайдаланып, отандық кино өндірісін тығырыққа тіреп отыр.

Депутаттың сөзінше, кинотеатрлар фильм прокатының алғашқы күнінен бастап-ақ кассалық түсімнің тұрақты 50 пайызын бірден алып қояды. Бұл табыстан емес, жалпы түсімнен ұсталады.

«Назар аударыңыздар, бұл пайдадан алынатын үлес емес, залдан түскен барлық ақшаның жартысы. Режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлар тарапынан қысымнан қорқып, ашық сөйлей алмай отыр. Себебі олар жасанды түрде қалыптасқан, монополистер – кинозал иелері тудырған осы жүйеге тәуелді», – деді ол.

Бұдан бөлек, фильм авторлары прокатқа шығу үшін жарнама мен ілгерілетуге арналған қосымша төлемдертөлеуге мәжбүр. Депутаттың айтуынша, сала ішінде тіпті «көлеңкелі жарналар» бар деген ақпарат та кездеседі.

Ең үлкен наразылық тудырған мәселе – мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерден де үлестің ұсталып қалуы. Мәселен, мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген «QAITADAN» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинаған. Соның 550 миллион теңгесін кинотеатрлар алып қалған, ал фильм өндірісіне мемлекет бар болғаны 190 миллион теңге бөлген. Яғни, жеке кинотеатр желілері мемлекет салған инвестициядан бірнеше есе көп қаржыны, ол бюджетке қайтпай тұрып-ақ, өздеріне алып отыр.

«Мұндай жағдайды әділетті деуге болмайды. Мұнда шынайы бәсеке жоқ. Экран мен орын ұсынған кинотеатрлар фильмді жасаушылардан әлдеқайда көп табыс табады. Ал фильм өзін ақтауы үшін оның кассалық түсімі бюджеттен кемінде үш есе артық болуы керек. Бұл жағдай қазақстандық кино бизнесін тұншықтырып отыр. Соның салдарынан бізде неге тек жеңіл комедиялар түсіріледі, ал салмақты тарихи, мәдени фильмдер неге жоқ деген сұрақтың жауабы да осы – қаржы кинотеатр-монополистердің қолында қалып қояды», – деді депутат.

Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық кино нарығы шектеулі бір “таңдаулылар тобының” бақылауында. Олар бүкіл индустрияға өз шарттарын күштеп таңып отыр.

«Kinopark пен Kinoplexx елдегі барлық кинозалдардың шамамен 40 пайызын бақылауда ұстап отыр. Chaplin мен Cinemax желілері ірі қалаларда үстемдікке ие. Бұл жағдай әлдеқашан Бәсекелестікті қорғау агенттігінің және өзге де құзырлы мемлекеттік органдардың назарын аударуы тиіс еді», – деп түйіндеді мәжілісмен.

Тэгтер:

депутат фильм мәлімдеме кино қазақстандық кино тұншықтыру қазақшакино