Астана қаласы

Street Workout чемпионы Астанаға келіп, өнер көрсетті

Астаналықтар орталық саябақта чемпионмен бірге жаттығу жасады.

20 шілде. Астана. Елорданың Орталық саябағында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашық алаңдағы Street Workout дене шынықтыру шарасы өтті. Шара бір айға созылатын Funny Sport спорттық шаралар аясында өтті. Шараның басты қонағы 2019, 2020, 2021 жылдары Қазақстанның Street Workout чемпионы Имран Ибрагимов болды. Бұл туралы шараға барып қайтқан taulik.kz тілшісі хабарлайды.

Компания Green Case Астана қаласы әкімдігі және қалалық спорт басқармасының қолдауымен спорттық және ойын-сауық шаралар марафонын бастады. Бұл шара 20 шілде мен 25 тамыз аралығында өтеді.

Сенбі күні кешкі сағат 17:00-ге жоспарланған шараға қала тұрғындары, кішкентай жеткіншектер мен ата-аналар және әуесқой спортпен айналысатын жастар келді. Белтемірге (турник) тартылып, түрлі өнер көрсеткен жастар додаға түсіп, өздерінің күшін сынады.

Шараның басты қонағы әрі Еуропаның және әлемнің Street Lifting чемпионы Имран Ибрагимов қатысушылардың арасына кешігіп келіп қосылды. Алайда келе салып, жастарға дем беріп, олардың өнерін тамашалады. Кейін өзі де белтемірдегі чемпиондық деңгейдегі өнерін көрсетті.

«Осында жеткенше ұзақ жүрдім. Көкшетаудан сіздерге шеберлік сағатын көрсетуге келдім. Шындығында, сіздер үшін арнайы кешігіп келдім», — деген спортшы одан кейін жастарға кеңесін айтты.

 

«Мұндай спорт түрімен айналысу жас таңдамайды. Қашан бастасаңыз да кеш емес. Мен өзім бұл спортқа 10 жасымда келдім. Қандай жағдай болмасын жетістікке және мақсатқа жетуге болады», — деді Имран Ибрагимов.

Шара барысында белтемірге тартылып көрмегендер де бірінші рет бақтарын сынап, жарысқа қатысты. Әсіресе, кішкентай балалар үшін бұл шара қызық болғанын олардың белсенді қатысқанынан көруге болады.

Астаналық тұрғын Айнұр есімді ана баласын әдейі ертіп келгенін айтты.

«Қазір телефон ұстап, үйден шықпайтын ұрпақ көп. Осындай шаралар алдымен адамның назарын аудартады. Қызығып келесің. Кейін балалар да соған үйрене бастайды. Ұлым 7 жаста. Ауылда ата-апасына барған сайын ағасы турникке тартыл деп тисе беретін. Енді міне, осында келіп тұрмыз. Балам келе салып, бір-екі өнерін көрсетті де, қойды. Адам көп жиналып кеткен соң ұялды-ау деймін», — деп қысқа қайырды.