Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, белгілі боксшы Назым Қызайбай әлемдік рейтингте тарихи нәтижеге қол жеткізді.
BoxRec порталының жаңартылған нұсқасы бойынша салмақ дәрежесіне қарамастан жасалған (P4P) рейтингте қазақстандық спортшы 7-орынға көтеріліп, әлемнің үздік он боксшысының қатарына енді. Осылайша Қызайбай бұл тізімге кірген Қазақстаннан шыққан жалғыз спортшы атанды.
Әйелдер арасындағы әлемдік ТОП-10 рейтингте бірінші орынды Қытай боксшысы У Ю иеленсе, кейінгі орындарда Ирландия, Канада, Түркия және өзге елдердің мықты спортшылары орналасқан. Ал Назым Қызайбай бұл беделді тізімде жетінші сатыға тұрақтады.
Сонымен қатар әлемдегі ең үздік 50 әуесқой боксшының қатарына Қазақстаннан тағы төрт спортшы енді. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова 11-орында, Аида Әбікеева 20-орында, Виктория Графеева 22-орында және Наталья Богданова 35-орында тұр.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – қазақстандық бокстың ең табысты өкілдерінің бірі. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында жеңіске жетіп, үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.
Бұдан бөлек, оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатының алтын медалі мен 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесі бар.