Шымкентте туберкулездің ашық түріне шалдыққан мұғалім мектепте сабақ берді, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Rýhy.kz-ке сілтеме жасап.
№ 33 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі туберкулездің ашық түрімен ауырған.
Ол бірнеше сыныптарда сабақ берген. Санитарлық эпидемиологтардың айтуынша, мектеп оқушылары мен педагогикалық ұжым арасында туберкулез ауруының алдын алу үшін барлық шаралар қабылданған. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.
«11 сәуірде оқиға анықталғаннан кейін мектепте толық дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. 12 сәуірде мектеп жұмыс істемеді. Осы кезде байланыста болған адамдар анықтала бастады, олар дәрігерлердің бақылауына алынды. Науқас ауруханаға жатқызылып, оқшауланған. Жағдайы бірқалыпты», – дейді Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Соңғы флюорографиялық тексеруден 6 ай бұрын өткен әрі науқаспен байланыста болған адамдарға тексеруді қайталап, балалар мен жасөспірімдерге - туберкулиндік манту сынамаларын алу ұсынылды.