Смайылов өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізді

Смайылов өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізді

ашық дереккөзі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды taulik.kz Ақордаға сілтеме жасап. Кеңесте: – түрлі өнеркәсіп салаларын нығайту; – тұрғын үй, медициналық мекемелер, автожолдар салу; – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жылу, газ, электр жүйелерін жаңғырту, сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру; – экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-Министр халықтың табысын арттыру бағаның өсуімен тікелей байланысты екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің тек үшеуі ғана өндіріледі.

«Соның салдарынан облыстағы азық-түлік тауарларының басым бөлігінің бағасы Астана мен Алматы қалаларына қарағанда жоғары. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысты реттеу және бақылау шараларын қолдана отырып, кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Облыстың ішкі нарығын толықтыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сақтауға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды іске асыру арқылы жасауға болады», –деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелердің бірі, әсіресе, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осы мәселені шешу үшін былтыр Үйтас-Айдос жерасты сулары кен орнының сорғы стансасын реконструкциялау басталды. Жоба 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл көптен бері бітпей келе жатқан Есқұла су құбырының құрылысы аяқталады. Министр өткен жылыту кезеңінің күрделі болғанын, сондай-ақ Жезқазғанның даму перспективаларын ескере отырып, жылумен қамту нысандары мен желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруі тиіс.
«Жоғарыда аталған іс-шараларды қаржыландыру үшін осы жылдың басынан бастап, 3 жыл ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Сондықтан белсенді түрде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың осал топтарын қолдау үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді.

Loading...