Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
1 тамыз, 2023 / taulik / Жаңалықтар

«Саяси тұтқын» Ермек Нарымбай бостандыққа шықты

«Саяси тұтқын» Ермек Нарымбай бостандыққа шықты

«Саяси тұтқын» Ермек Нарымбай бостандыққа шықты
ашық дереккөзі
Биыл Қазақстанға өз еркімен оралып, әуежайда қамауға алынған қоғам белсендісі Ермек Нарымбай бостандыққа шықты. Бұл туралы адвокаты Жанар Балғабаева Фейсбук парақшасына жазды, деп хабарлайды Taulik.kz.
- Ермек Нарымбайды қарсы алу үшін Заречный кентіне баруға жиналып жатқандардың бәріне құлағдар етейін, ол қазірдің өзінде Алматыда. Егжей-тегжейлі ақпаратты кейінірек хабарлаймын,- деп жазды адвокаты.
Жанар Балғабаева биыл шілденің 13-іне жазасын жеңілдету жөнінде сотқа арыз жазған Ермек Нарымбайдың өтінішін Қонаев қалалық соты қанағаттандырғанын хабарлаған.
- Мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз мәслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды, - деген болатын.
"Азаттық радиосы" жазуынша, құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген Ермек Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. 2010 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға кетіру үшін референдум өткізу жөнінде бастама көтерген оппозиция жиындарының бірінде "Назарбаев, кет" деген ұран көтеріп шығып, 4 жылға қамауға алынған. Кейін шартты жазамен босатылған. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған. Осыдан кейін Ермек Нарымбай 2016 жылы жер митингісінен кейін өзіне биліктен қатер төнгенін мәлімдеп, Украинаға кеткен. 2022 жылы ақпан айының басында Қазақстанға оралғанда полиция Алматы әуежайынан ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген. Таяуда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген. Ермек Нарымбай бұған дейін де бірнеше рет саяси талап қойып, аштық акциясын жариялаған.