Ақтөбеде 14 әскери қызметкер сотталды

Ақтөбеде 14 әскери қызметкер сотталды

ашық дереккөзі

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында 14 сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты,  деп хабарлайды Taulik.kz Әскери соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Олар Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 189-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары, 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігімен сотталды. Атап айтқанда, сотталушылар 2019-2020 жылдары өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жеке бастарын байыту мақсатында бірнеше рет, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен, оларға сеніп тапсырылған әскери бөлімге тиесілі мүлік – жанар-жағармайды иемденіп, мемлекетке ірі көлемде залал келтірді. Сотталушылар дәлелдемелердің жоқтығына және Қылмыстық-процестік кодекс нормаларының көптеген заңбұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толығымен қолдады және бір сотталушыға қатысты ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 3-тармағын алып тастады. Кінә сотталушылардың бірі берген қалған қатысушылардың әрекетін әшкерелейтін айғақтармен, экономикалық, фонографиялық және психологиялық-криминалистикалық сараптамалардың қорытындыларымен, 40-тан астам куәгердің айғақтарымен, телефон арқылы сөйлесулердің стенограммаларымен, ақша қаражатының аударымдарымен, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік қаржы инспекциясының мамандары жасаған келтірілген залал сомасын есептік растаумен дәлелденеді. Сот үкімімен 14 сотталушы кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілемей, әскери атақтар мен мемлекеттік марапаттарынан айырып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 3 жыл 6 айдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушыларың жас балаларының барын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ал ант берген адамның қылмыстық құқықбұзушылық жасауын ауырлататын мән-жайлар ретінде таныды. Aikyn.kz жазуынша,  Қорғаныс министрлігінің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды, сотталғандардан мемлекетке келтірілген залал ортақ тәртіпте барлығы 48 287 301 теңге және Қазақстан  жәбірленушілердің өтемақы қорына 20 АЕК (МРП) мөлшерінде әрқайсысынан  55 560 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Loading...