«Басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз» – Смайылов

«Басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз» – Смайылов

ашық дереккөзі

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов көші-қон тұжырымдамасы туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

«2027 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасы көші-қон процестерін басқаруда   қолданыстағы тәсілдерді жетілдіріп, жаңа тәсілдерді дамытуға бағытталған. Құжаттың негізгі басымдықтарының бірі – елімізге жоғары білікті мамандарды, соның ішінде кәсіпкерлерді, яғни әлеуетті инвесторларды тарту. Сондай-ақ бізге жергілікті кадрларды оқытып, жұмысқа орналастыратын шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар үшін жаңа экономикалық ынталандыру шаралары да қажет. Біз басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз», - деді ол.
Ол атағандай, азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет.
«Бұл ретте Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өңірлік квотаны орындау жұмыстары баяу екенін атап өтемін. Еңбек ресурстарын тарту бойынша бұдан да тиімді шаралар қабылдап, жұмыс күші артық өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимылды жолға қою керек. Барлық жерде тиісті бейімделу және интеграция орталықтарын құруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай орталықтар – Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін құрылмаған. Жалпы биылғы бірінші жартыжылдықта көші-қонның оң сальдосы қалыптасты. Ғылым және жоғары білім министрлігі жетекші шетелдік университеттермен бірге   академиялық ұтқырлықты кеңейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауы қажет. Шетелдік оқытушылар мен жас ғалымдарды тарту бағдарламасы шеңберінде іс-шараларды күшейту керек. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілуі тиіс және Ғылым министрлігінің жеке бақылауында болуы керек», - деді Смайылов.

Loading...