Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі бұл компания арқылы Қазақстан азаматтарының қандай ақпараттарына қол жеткізе алады, бұл туралы Taulik.kz жазады. Бұл дерек шынында әлемді дүрліктірді. Себебі "Яндекстің" такси сервистері дүниежүзінің 15-тен астам елінде, соның ішінде Қазақстанда да жұмыс істейді. Ал РФ үкіметінің арнайы қаулысы бойынша биылғы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, тек Ресей аумағында ғана емес, сонымен бірге шетелде де "Яндекстің" такси сервистерін пайдаланған адамдар туралы ақпаратқа Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) еш кедергісіз, емін-еркін қол жеткізетін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz. Оның мәліметінше, бір ай бұрын Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин "Ақпарат таратуды ұйымдастырушылар" тізілім-реестріне енгізілген такси агрегаторларын ФҚҚ-ға төл деректер базасын тәулік бойы қолжетімді етуге міндеттейтін қаулыға қол қойды. Ресейлік арнайы қызмет органдарында тек РФ азаматтарының ғана емес, шетелдіктердің де телефон нөмірлері, тұрғылықты мекенжайы, банктік деректері, жүріс-тұрысы, сапарларының тарихы және басқа да дербес деректері бергілі болады. Ресейлік аталған басылым анықтағанындай, "Яндекс" қызметкерлерінің басшылықпен ішкі хат алмасуынан "такси сервистерінің шетелдік қосымшаларының да деректер базалары Ресейде орналасқаны", сондай-ақ "компанияда деректерді ресейлік және халықаралық деп бөліп, ажыратудың жоқтығы" белгілі болды.
"Яндекс" деректер орталықтары тек Ресейде орналасқан
Алдағы қыркүйекте күшіне енетін, ФҚҚ-ның қол сұғуын және бақылауға алуын заңдастыратын жаңа ережелер "Яндекс" қызметкерлерінде көптеген сұрақ туғызыпты. Оған жазбаша жауап берген компания басшылары шетелде жұмыс істейтін сервистердің бүкіл деректері тек қана Ресейде сақталатынын қадап айтты."Yandex Go-дың да, Yango-ның да деректер базалары Ресей аумағында орналасқан. Оларды халықаралық, ресейлік бөлімдерге не физикалық тұрғыдан, не логикалық тұрғыдан бөлу деген жоқ", – деп үзілді-кесілді жауап берді компания басшылығы мамандарымен хат алмасуында.Бұл ретте оларға "клиенттермен әңгімеде дата-орталықтардың орналасқан жері туралы ақпаратты жариялаудан бас тартуды" тапсырыпты. Айтпақшы, компанияның қазақстандық сервисіне жауапты бөлімі де қазақстандық ақпарат құралдарына түсініктемесінде бұл ақпаратты жасырып қалды. Алайда анықталғанындай, бұл компанияның деректер орталықтары (Data center) Мәскеу, Рязань және Владимир облыстарында орналасқан. Тағы бірі Калугада салынып жатыр. Украинаға Мәскеудің шапқыншылығы басталғанға дейін компанияның деректерінің бір бөлігі Финляндияның Мянтсяля (Mäntsälä) қаласында болыпты. Бірақ "Медузаның" "Яндекстегі" үш дереккөзі оның бүгінде жойылғанын баяндады. РФ Украинада соғыс бастаған соң “Яндекс” басшылығы санкцияға ілікті. Мянтсялядағы орталығы электр қуатынан ажыратылып тасталды, компанияның финдік активтері бұғатталды. Бұл ресейлік сервис түрлі атаулармен әлі күнге дейін Қазақстанда, Израильде, Норвегияда, Литвада, Беларусьте, Қырғызстанда, Грузияда, Арменияда, Әзербайжанда және басқа он бестей елде жұмыс істейді. Қалыптасқан ахуалға қатысты "Яндекс Go" баспасөз қызметі түсініктеме берді. Компания РФ заңы Қазақстандағы сервиске және оны пайдаланушыларға таралмайтынына сендіріп бақты.
"Өйткені олар қосымшаны Ресейден тыс жерде пайдаланады және сапарларын да Ресейден тыс аумақта жасайды. Бұл 1 қыркүйектен кейін де өзгермейді. Қазақстандық "Яндекс.Такси Корп" ЖШС Қазақстандағы пайдаланушыларына "Яндекс Go" қызметін ұсынады. Тиісінше, пайдаланушыларының дербес деректерін Қазақстан заңнамасына сәйкес өңдейді және деректер иелерінің барлық қарастырылған құқықтарын қамтамасыз етеді. Қазақстандағы сервис жұмысымен байланысты деректерді ресейлік уәкілетті мемлекеттік органдар сұрата алады. Бірақ бұл сұрау тек белгіленген халықаралық процедуралардың аясында және ресми сұрау жолдау арқылы ғана жүзеге асырылады", – деп мәлімдеді "Яндекс Go".Сарапшылардың айтуынша, проблемасы сол, Қазақстан заңнамасы солқылдақ және ол қазақстандықтардың дербес деректерін шетелдік дата-орталықтарда сақтауға қатаң тыйым салмайды. Оның үстіне Қазақстаннан Ресейге деректерді беруге тосқауыл қойылмаған, керісінше одақтастар ретінде олар мәліметтер алмасады. Израилдің Бат-Ям қаласының тұрғыны, Telrad Networks IT маманы Игорь Цырлинчук РФ федералдық арнайы органдары шетелдіктердің қандай дербес деректеріне қол жеткізетінін айтып берді.
"Бізде, Израилде мысалы, "Яндекс Такси" "Yango" деген брендпен жұмыс істейді. Қазақстан түгіл, бұл сервистің Израилде де дата-орталықтары жоқ. Салдарынан, ресейлік ФҚҚ Ресейден тыс жерлердегі осы такси сервисінің клиенттері туралы ақпаратқа тәулік бойы әрі толық, еш кедергісіз қол жеткізетін болады", – деді сарапшы.Оның айтуынша, ресейлік арнайы қызметтер үшін бұл сервис өзін пайдаланатын әрбір адамның келесі деректерін автоматты түрде жинап отырады:
- IP-адресі;
- Адамның аты-жөні;
- Телефон нөмірі;
- Электронды адресі;
- Банктік есепшоты және өзге де банктік деректері;
- Тұрақты пайдаланатын жеке құрылғыларының идентификаторы;
- Оның типі мен моделі;
- Қолданатын операциялық жүйесі;
- Браузер немесе ұялы қосымша туралы түрлі деректер;
- Пайдаланушы қалдырған пікір-комментарийлері;
- Ең бастысы, әрбір адамның сапарлары, маршруттері.
"Соңғы дерек арқылы шетелдік адамның тұрақты түрде қайда тұратынын, қай жерге жиі баратынын, яғни кіммен араласатынын және басқасын білуге болады. Яғни, ресейлік сервистер арқылы таксиге тапсырыс бере отырып, енді мықтап ойланыңыз: сіз өзіңіздің құпия деректеріңізді ресейлік ФҚҚ-мен бөлісуді қалайсыз ба?", – деп маңызды сауал, ой тастады Игорь Цырлинчук.