Қаржы министрлігі дайындаған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында зейнетақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен АЕК көлемі көрсетілген, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Заң жобасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендегідей сома жоспарланып отыр:
- ең төменгі жалақы – 70 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге;
- ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш – 3692 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.
«Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленді», - делінген құжатта.