«Еті 800-1500 теңге аралығында»: БҚО-да белгісіз азаматтар ақбөкен етін сатпақшы болған

"Охотзоопром" РМК олардың популяциясын реттеу аясында киіктерді атуға әлі кіріспегендерін мәлімдеді

ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде БҚО-да белгісіз біреулердің көп мөлшерде ақбөкен етін сатуға ұсынып жатқаны туралы хабарламалар тарады. Бұл туралы Taulik.kz “Уральская Неделя” телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Орал қаласының базарларындағы кейбір ет сатушылар да 800-1500 теңге аралығында ақбөкен етін жеткізу туралы ұсыныстар түсе бастағанын растаған.

Ал "Охотзоопром" РМК бұл жануарлардың популяциясын реттеу аясында атуға әлі кіріспегендерін мәлімдеді.

Полиция департаменті болса ақбөкен етін сату фактілерін тексермейтінін және бұл "Охотзоопром" РМК-ның құзырында екенін жеткізді. 

“Ақбөкенді аулау әлі де браконьерлік әрекет болып табылады. Мұны тек "Охотзоопром" мекемесіне қарасты күзетшілер құрған бригадалар ғана жүргізе алады. Ал олардан түскен ет ресми тізім бойынша ет комбинаттарына жіберіледі”, – делінген хабарламада.

Осы тұста БҚАТУ ғалымдары жас киіктердің жағдайы нашар екенін хабарлады. Айтуларынша зерттеу нәтижелері ақбөкендердің әлсіз екенін және қыста ақпан-наурыз айларында жаппай қырылуы күтілетінін көрсетеді.

Loading...