Макрон Қазақстанға мұнай мен уран іздеп келді ме?

Франция басшысы Макрон Қазақстанға не үшін келді

Бүгін 1 қараша күні Қазақстанға Франция президенті Эммануэл Макрон ресми сапармен келді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оны әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды Taulik.kz.

Кешелі бері қазақстандықтар Франция президенті Макронның Қазақстанға сапарының саяси астарын елдегі бірнеше мәселемен байланыстырып жатыр.

Бүгінде қоғамдық талқыда жүрген мәселелердің қатарында АЭС салу бастамасы тұр. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес қазақстандықтардың басым көпшілігі АЭС салуға оң көзқараспен қарауда, алайда алаңдайтындары оны қай елдің салатыны. АЭС салуға Ресей, Қытай, Франция, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер ниетті.

Шетелдік «Bloomberg» басылымы Франция президентінің Қазақстанға келуінің мақсатын энергетикалық қауіпсіздікпен байланыстырыпты.

«Франция әскерлері Нигерден шығарылғаннан кейін француздарды уран тапшылығына тап болды. Сол себепті Эммануэл Макрон осы аптада энергетикаға бай Орталық Азияға сапар шегіп, Францияның ядролық реакторларында қолданылатын уранды жеткізуші екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Бұл сапар Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған деп топшылауға болады.

Бірақ «таяқтың екінші ұшы да бар». Бұл сапарда бұрынғы кеңестік республикаларды Ресейге тәуелділіктен шығуға итермелеуге тырысады. Француз шенеуніктері Украинадағы соғыс – аймақтағы бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынастарды үзіп, жаңа мүмкіндіктер туғызады деп болжайды. Орталық Азияның орасан зор мұнай, газ және минералды қорлары Ресейдің ойын алаңына айналған Орта Азия үшін жаңа таластың басталғанын білдіреді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылымдық жобасы арқылы ықпалын кеңейтіп, АҚШ болса өзінің осы аймақтағы саяси беделін нығайтуға ұмтылып жатыр, ал Еуропалық Одақ аймақты Кавказ арқылы Ресейді айналып Еуропаға өтетін сауда және энергетикалық дәлізбен байланыстыруға ұмтылып жатыр», – дейді басылым.

Аңғарғанымыздай, Макронның елге келуінің себебі уран мен мұнайдың ірі қорын іздеу деп сараптасақ болады. Бүгінгі екі ел басшысының жүргізген келіссөздерінің ішінде де саяси, экономикалық бағытта ынтымақтастық орнату қамтылған.

 

Loading...